Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы жаңа Оқушылар сарайында болды

АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордада жаңадан бой көтерген Оқушылар сарайында болды. Ғимараттың жоспары мен материалдық-техникалық жарақталуымен жан-жақты танысқан Елбасы кешендегі бірқатар спорт залдарын аралап көрді.
None
None

Жалпы ауданы 60 мың шаршы метрді құрайтын 4 қабатты бірегей ғимаратта жеңіл атлетика алаңы, суда жүзу бассейні, мұз айдыны, баскетбол алаңы, теннис залдары бар. Жеңіл атлетика залының трибуналары 336, мұз айдынының әмбебап залы 384, бассейн залы 144 көрерменге есептелінген. Оқушылар сарайы жастардың рухани және мәдени дамуының маңызды орталығына айналмақ. Онда студиялармен қатар театр, дайындық алаңдары, оркестр, хор, би, балет және драма топтарына арналған сахна, көрме залы орналасқан. Сарайдың өз асханасы мен медицина орталығы, түрлі техникалық қызметтерге арналған бөлмелері бар.

Оқушылар сарайының ерекшелігі - онда 170 орындық планетарий бар расытхана жұмыс істейді. Планетарийде 3Д технологиясын пайдалану арқылы панорамалық, сфералық және ғаламшарлық кескіндеме көрсетуге мүмкіндік бар. Оқушылар сарайы танымдық-эвристикалық, мәдени-ағартушылық, спорттық-сауықтыру және ұйымдастыру-әдістемелік қызмет атқаратын елорданың басты білім беру институтына айналмақ. Оқушылар сарайының 40 үйірмесіне бір мезгілде 3880 бала қатыса алады. Дегенмен, бір күнде одан 3-4 есе көп келушілерді қабылдауға да мүмкіндігі жетеді.

8,3 гектар аумақты алып жатқан кешенді «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының тапсырысы бойынша «Базис құрылыс» компаниясы 11 айдың ішінде салып бітірді.

Соңғы жаңалықтар