Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» шығармашылық сарайында болды

sp;АСТАНА. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» шығармашылық сарайында болды.
None
None

Университеттің (бұрынғы Музыкалық академия) ректоры Айман Мұсақожаеваның айтуынша, Президент Жарлығымен және ҚР Үкіметінің қаулысымен осы оқу орны қалыптасты. Атап айтқанда, бұл шаралар Университет құрылымында жаңа мамандықтардың ашылуына байланысты іске асырылған.

«Астанада бүгінде көптеген театрлар ашылып, мәдени мекемелер, концерттік залдар салынуда. Сондықтан біз хореография, балет өнері, суретшілер, мүсіншілер, дизайнерлер, сондай-ақ театр өнері, кино, телеарна мамандарын даярлауды негізге алдық», деп атап өтті Өнер университетінің ректоры.

А. Мұсақожаеваның сөзіне қарағанда, «Шабыт» сарайында музыкалық өнерден басқа жоғарыда аталған мамандықтар бойынша мамандар дайындалатын болады. «Бүгін біз Елбасына жаңа мамандар дайындайтын аудиторияларды, шағын кино және дыбыс режиссерлік студияларын, сондай-ақ басқа да арайы жасақталған сыныптар мен залдарды таныстырдық», деді ол.

Мемлекет басшысы шығармашылық сарайында болуы барысында осында ұйымдастырылған концертті тамашалады. Онда Евгений Брусиловскийдің «Дударай» операсынан увертюра, қазақ күйлері, Роберт Роджердің «До-ми-соль» шығармасы және басқа да музыка саласының үздік шығармалары орындалды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Шабыт» шығармашылық сарайының жалпы аумағы 30 мың шаршы метр. Сметалық құны 8,5 млрд. теңге. 8 қабаттан тұратын орталықтың алғашқы қабатында 500 орынға арналған үлкен және 300 орындық кіші концерттік залдар, асхана және балет залдары орналасқан. Жоғары қабаттарында барлығы 215 оқу сыныптары бар. Ғимарат толығымен Астанадағы Қазақ ұлтттық өнер университетінің балансына берілді.

Соңғы жаңалықтар