15:05, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Германиядағы Қазақстан жылын ашады
БЕРЛИН. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ГФР-ға жұмыс сапары барысында Германиядағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатысады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Айта кетейік, Қазақстан жылы Еуропада алғаш рет өткізіліп отыр, бұған дейін мұндай ауқымды шаралар Ресейде және Украинада өткізілген болатын. Қазақстан ГФР-ді Еуроодақтағы сенімді әріптес ретінде санайды. Елімізде Еуроодақтың 2007-2013 жылдарға арналған Орталық Азияға қатысты стратегиясына жетекші рөл беріліп отыр.Бұдан бұрын хабарланғанындай, Германиядағы Қазақстан жылының бағдарламасы 100-ден астам шараларды қамтиды, олар ? саяси кездесулер, экономикалық форумдар және мәдени-гуманитарлық жобалар.«Еуропаға жол» бағдарламасына, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға алдағы төрағалығына, еліміздің ядросыз әлемге қосқан үлесіне арналған конференциялар мен форумдар өткізу жоспарланған. Германияның федералдық жерлерінде Қазақстан экономикасы күні өтеді, денсаулық сақтау және энергияның балама көздері мәселелері бойынша семинарлар көзделген.Мәдени ынтымақтастықты дамыту ауқымында неміс оқырмандарына Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Олжас Сүлейменовтің «Жер шегіндегі минөттік үнсіздік», Герольд Бельгердің «Кезбенің үйі» атты шығармалары таныстырылады. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптары оркестрінің, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының гастрольдері және атақты Дрезден галереясында қазақстандық суретшілер жұмыстарының көрмесі жоспарланған.ГФР-дағы еліміз елшілігінің хабарлауынша, Германиядағы Қазақстан жылы жұртшылыққа: өнер сүйетін қауымға, саяси және экономикалық сарапшыларға, жастарға, қоғам қайраткерлеріне арналған. Осы шара арқылы еліміз Еуропа жұртшылығына кеңінен таныла түседі, сондай-ақ ол ГФР-мен екіжақты қатынастарды кеңейте түсуге мүмкіндік береді.