Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәдениет министрі Құл-Мұхаммедті қабылдады
М. Құл-Мұхаммед Президентті «Мәдени мұра» бағдарламасын, тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеуді өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның жалпыұлттық жоспарын, облыстардың мәдениет күндерін және өзге де министрлік қызметінің басым бағыттарын іске асыру барысынан хабардар етті.
Мемлекет басшысы министрлік үлкен жұмыстар жасап жатқанына тоқталды. Сонымен бірге Президент шығармашылық одақтармен, зиялы қауым өкілдерімен тығыз жұмыс жүргізу қажеттігін, олардың елімізде атқарылып жатқан шаруалардан сырт қалмауы тиістігін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық киноның міндеттерінің бірі - халықтың салты мен қазіргі заманғы қазақстандықтардың адами қасиетін ашып көрсететін, Қазақстанның бүгінгі күрделі тарихи жолы, халықтың бірлігі туралы фильмдерді түсіру екеніне ерекше тоқталды.
Президент министрлікке тарихи және мәдени мұраларды сақтау, ел Тәуелсіздігінің елеулі жетістіктерін ашып көрсету сияқты ауқымды мәселелер бойынша зиялы қауыммен және шығармашылық одақтарымен жұмысты жандандыруды тапсырды.