Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысында болды

Демеушілердің қаражаты есебінен салынған жаңа кешен 550 орынға арналған. 9333 шаршы метрді құрайтын алаңда футбол, баскетбол, волейбол, сондай-ақ жекпе-жек пен жеңіл атлетикаға арналған залдар бар.
Елбасы Маңғыстауға сапары барысында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аумағында (АЭА) орналасқан Ақтау теңіз солтүстік терминалында да болды. Каспий теңізіндегі көлік-логистика саласының дамуы мен бағыттары туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ президенті Қанат Алпысбаев баяндады. «Ақтау теңіз порты» АЭА 39,4 гектар алаңында бір уақытта 5000-ға дейін контейнер (TEU) мен 170000 тоннаға дейін негізгі жүкті сақтауға болады. Заманауи көп мақсатты терминалдың өндірістік қуаты жылына 3 млн тоннаға дейін негізгі жүкті, оның ішінде, 1,5 млн тоннаға дейін дәнді дақылды ауыстырып тиеуге мүмкіндік береді.
Жоба құны - 37,5 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта терминал астық, металл, контейнерлер мен негізгі жүктерді қабылдап жібереді, вагондарға жүкті тиеп, оларды түсіреді, кемелерге кешенді қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда бұл кәсіпорында Маңғыстау облысының 190 тұрғыны қызмет етеді.
Мемлекет басшысы солтүстік теңіз терминалының қызметі мен даму перспективалары және «Жібек жолы» жүк тиеу кешенінің жұмысы туралы да хабардар болды. Терминал жұмысы экспорт-импорт өсімін арттыруға және Қазақстан мен Орталық Азия елдері өнімдерін Ақтау порты арқылы Кавказ маңы, Парсы шығанағы елдеріне және Ресей Федерациясына жеткізуге бағытталған. Кәсіпорында жыл бойы дәнді дақылдар тиеу және жөнелту, кемелерге кешенді қызмет көрсету, ірі тонналық жүк контейнерлерін сақтау жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ қоймада жүк сақтау операциялары жүзеге асырылады.
Н.Назарбаев «Азерсун» өндіріс және логистика орталығы» ЖШС-ына барып, оның ұжымымен кездесу кезінде: «Ақтаудағы логистика орталығының қызметі азық-түлік өнімдері бағасын арзандатуға бағытталған. Маңғыстау облысымен қатар, республикамыздың басқа да өңірлеріндегі азық-түлік бағасын төмендетіп, онымен қамтамасыз ету мақсатымен тауарларды сақтау, жеткізілетін көлемін арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет» деді.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдай мен оны дамыту перспективалары туралы баяндап, аймақтағы ауыз су мәселесі, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайту, тұрғын үймен қамтамасыз етуді және кәсіпкерлікті белсенді дамыту бағытындағы жоспарларды ортаға салды.
2017 жылы 1 млрд теңгеден астам қаржыға 250 шағын несие бөлу, 165 бизнес-бастамаларды субсидиялау жоспарланып отырғандығын тілге тиек етіп, ағымдағы жылы облыс бойынша 26 мың жұмыс орнын ашу жоспарда тұрғандығын атап өтті.
- Өңірлік экономиканы дамыту бойынша жүзеге асырылатын шаралар мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету, ең алдымен, жұмыспен қамтылуды сақтауға, жаңа жұмыс орындарын құруға, еңбек мобильділігін арттыруға, өңірдің кәсіпорындарындағы көпшілік қысқартуларды болдырмауға бағытталады. Бүгінгі таңда өңірлерде, сіз айқындап берген міндеттер мен тапсырмаларды орындауға барлық қажетті мүмкіндіктер бар. Осы мүмкіндіктерді толығымен пайдаланып, еліміздің және өлкеміздің дамуы жолында алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге бар күш-жігерімізді салатынымызға сенім білдіремін, - деді Е.Тоғжанов.
Кездесуде «Лукойл Оверсиз» компаниясының аймақтық координаторы, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Күмісқали, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, Мұнайлы аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Т.Әміров, Назарбаев зияткерлік мектебі ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Н.Келехсаева, геолог О.Белоножкина, ардагер К.Егізқараев, Ақтаудағы әскери-теңіз базасы жауынгерлік ракета-артиллериялық «Орал» кемесінің байланысшысы Ж.Ибраева, «Болашақ» стипендиясының түлегі, «Каспиан Меруерт Оперейтинг Компаний» компаниясының жетекші инженері Е.Абылханов, Кәсіпкер әйелдер ассоциациясының төрайымы, кәсіпкер С.Жақаева, Жастар орталығының жетекшісі Г.Бұрхандинова, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ ректоры Б.Әділбеков, Бейнеу ауданының әкімі Б.Әзірханов, Ақтау қаласының әкімі С.Тұрымов және т.б. сөз сөйлеп, өз ой-пікірлерін білдірді.