Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үндістан халқына гүлдену мен ырыс-береке тіледі

ДЕЛИ. Қаңтардың 24-і. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - Қазақстан мен Үндістанның арасында қол қойылғалы отырған келісімдер екі елдің қарым-қатынасын стратегиялық деңгейге шығарады.
None
None
Үндістан мемлекеті басшысының шақыруымен Делиде ресми сапармен жүрген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы үнді бұқаралық ақпарат құралдарының журналистеріне мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Президентпен және елдің Үкімет мүшелерімен өткізетін келіссөздер, біздің қарым-қатынастарымызды стратегиялық деңгейге көтеретін өте маңызды келісімдерге шығып отырғанымызды көрсетеді. Бүгінде Қазақстанда 280-нен астам бірлескен қазақстан-үнді кәсіпорындары жұмыс істейді, біздің еліміз Үндістанның орталықазиялық өңірдегі ең ірі экономикалық серіктесі болып табылады. Бұл елдің Орталық Азиямен арадағы тауар айналымының жартысынан астамы біздің республикамыздың үлесіне тиесілі. Біз бүгін үнді электр стансалары үшін уран жеткізілімі, Қазақстанның мұнай кеніштерінде үнді компанияларының жұмысы бойынша және ақпараттық технологиялар саласындағы бірлескен жұмыстар туралы келісімдерге қол жеткіземіз»,- деді Қазақстан Президенті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Елбасы сондай-ақ, бірлескен бизнес-форум барысында қол қойылатын басқа да келісімдердің тиімді ынтымақтастық үшін өте маңызды болатынын атап көрсетті. Журналистермен болған кездесуінің басында Қазақстан Президенті, Үндістанға сапары және елдің Республика күні мерекесіне құрметті қонақ ретінде қатысуы үлкен құрмет болып табылатынын атап көрсетті. Шақыруы және көрсеткен құрметі үшін Үндістан Президенті Пратибха Патильге алғысын білдірген Н.Назарбаев, ел халқын Республика күнімен құттықтады және гүлдену мен ырыс-береке тіледі.
Соңғы жаңалықтар