Елбасы Оралда инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, кәсіпкерлермен кездесті

ОРАЛ. 12 мамыр. ҚазАқпарат - Жұмыс сапарының екінші күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оралдық іргелі кәсіпорындардың бірі «Оралагрореммаш» АҚ-да болып, зауытты аралап көрді.
None
None

Кәсіпорын басшысы Ғимран Бисенов зауытта жасалып жатқан жаңа техникалар мен өнімдер жөнінде баяндап берді.

Елбасы сондай-ақ, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар барысымен танысты.

Одан кейін Мемлекет басшысы өңір кәсіпкерлерімен кездесті. Онда №1 Автобус паркінің директоры Әзербай Үмбетәлиев, «Шыны-сервис» ЖШС директоры Аркадий Рубцов, «Отделстрой» ЖШС басшысы Валентина Михно және басқалар Кедендік одақ аясында Ресей елімен алыс-берістің жақсара түскендігін, «Бизнестің жол картасы-2020», Қолжетімді баспана», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары арқасында бизнеске үлкен қолдау көрсетіліп отырғандығын жеткізді.

Елбасы осының бәрі бизнес үшін, адамдар үшін, түптеп келгенде ел игілігі үшін жасалып жатқанын атап көрсетті.

Президент сондай-ақ «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша мамандық алып шыққан жастармен әңгімелесіп, олардың қадамдарына сәттілік тіледі.

«Оралагрореммаш» АҚ - аталмыш бағдарлама аясында жұмыс жасап жатқан кәсіпорындардың бірі. Бұрын жүк көліктері мен ауыл шаруашылығы техникалары двигательдерін жөндеумен айналысып келген зауыт,  2000 жылдан бастап өрт сөндіру техникаларын шығаруды жолға қойды. 2011 жылы технологиялық жабдық паркі жаңартылып, көп қызметті коммуналдық автотехника шығару қолға алынды. Зауыт МАЗ шассиі негізінде жылына осындай 300 техника шығара алады. Техника құны 8-ден 11 млн. теңгеге дейін, бұл ресейлік сондай өнімнен арзан.

Қазақстанда алғаш рет қолға алынған коммуналдық техника көшені қардан арылтып, жол жиегі мен жаяу жүргіншілер жолын тазалап, суарып қана қоймай, арнайы баспамен өрт сөндіре де алады.  Бұл техника ірі қалалар ғана емес, өрт сөндіру бөлімі жоқ шалғай елді мекендер үшін де қолайлы.

Соңғы жаңалықтар