Елбасы Отан қорғаушылар монументіне гүл шоқтарын қойды

Айта кетейік, монумент алаңындағы «Мәңгі алаудың» алдында Елбасымен бірге Ұлы Отан соғысының ардагерлері де болды. Бүгінгі шара барысында қанды майданнан оралмаған қазақстандық жауынгерлерге құрмет көрсету үшін мыңдаған асталық пен қала қонақтары жиналып, сұрапыл соғыста шейіт болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Жеңістің 67 жылдығына арналған салтанатты шараға ҚР Үкіметінің, Президент Әкімшілігінің, сондай-ақ дипломатиялық миссияның өкілдері, Қазақстан Парламентінің депутаттары, қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.
Мемлекет басшысы ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтағаннан кейін қаз-қатар тігілген шатырларды аралады. Бұл жерде ардагерлер дәстүрлі әскери дастарханнан дәм татып, майдан тақырыбына арналған театрландырылған және музыкалық көріністерді тамашалады. Іс-шараның ресми бөлігінде ҚР Республикалық Ұланның үрмелі оркестрінің орындауында Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды, сондай-ақ Құрметті қарауыл ротасының салтанатты шеруі болды.
Бүгін елорданың түрлі алаңдарында Жеңіс күніне орай салтанатты шаралар өтіп жатыр. Астана қаласы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытта елордада Ұлы Отан соғысына қатысқан 359 ардагер тұрады.