Елбасы «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қойып, ардагерлерді мерекесімен құттықтады

None
None
АСТАНА. Мамырдың 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 64 жылдығы құрметіне орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қойып, ардагерлерді мерекесімен құттықтады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Одан кейін бір сәт үнсіздік жарияланып, Елбасы алаңға жиналған халықпен бірге соғыста қаза тапқан азаматтарды еске алды. Мұнан соң Республикалық ұлан мен аэроұтқыр әскерлер батальонының салтанатты шеруін қабылдады. Майдангерлерге дәстүр бойынша жауынгерлік ботқа беріліп жатқан қаз-қатар тігілген шатырлы қалашыққа барып, ардагерлермен сұхбаттасты. БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы республика майдангерлерін Жеңіс күнімен құттықтады. «Ұлы Отан соғысына қатысқан барлық ардагерлерді, сол кезде тылда жұмыс істеп, елге көмектескен азаматтарды Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Құрметті ардагерлер, арамызда аман-есен жүре беріңіздер. Жастарға тәлім-тәрбие беретін, елдің ұйытқысы, бірлікті сақтап жүретін азаматтарымыз, ақсақалдарымыз аман болсын», деді Елбасы өз сөзінде. Елбасы қазақ халқының кең байтақ жерін жаудан ата-бабаларымыз, аналарымыз аман алып қалғанын айта келе: «Бүгінгі тәуелсіздігіміз, бүгінгі қазақ халқының қуанышы, жаңа өмір - осының барлығы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің арқасы», деді. «Біз Тәуелсіздіктің арқасында нағыз бостандыққа жетіп отырмыз. Оны біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Біздің өз Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстанымыз бар», деген Мемлекет басшысы, Қазақ елі басқа мемлекеттермен терезесі тең теңдікте, бостандықта, құқықты мемлекетте өмір сүріп жатқанын, мемлекет тарапынан ардагерлерге қажетті барлық мүмкіндіктер жасалып отырғанын атап өтті. «Қазақ халқын бүгінде ешкім кемсітпейді. Біз басымызды тік ұстап, кеудемізді көтеріп жүретін ел болдық. Осының барлығы ата-бабаларымыздың істеген жұмыстарының, сұрапыл соғыстарда қаза болған азаматтарымыздың әруағының шапағаты», деп атап көрсетті Н. Назарбаев.
Соңғы жаңалықтар