Елбасы өзін нағыз көшбасшы, Конституция кепілі екенін дәлелдей білді - З.Оразаев, БҚО
Президентіміз бүкілхалықтық референдум өткізу арқылы өзінің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға қаншама халық қолдау білдіргеніне қарамастан, одан бас тартты. Бұл туралы Қазталов аудандық «Ауыл айнасы» газетінің бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі Закария Оразаев мәлім етті.
Оның айтуынша, Елбасымыз болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып, Елбасы ретінде өзін нағыз көшбасшы және Конституция кепілі екенін тағы да дәлелдей білді. Мемлекет басшысының бұл қадамы Қазақстан халқының бірлігі мен тұрақтылығы жолындағы демократияға адалдығын айғақтап отыр. «Сонымен биылғы президенттік сайлау 3 сәуірге белгіленді. Барша қазақстандықтармен бірге аудан тұрғындары да бұл күні тегіс сайлау учаскелеріне келіп, Елбасын қуаттап, дауыс беру арқылы Нұрсұлтан Назарбаевтай кемеңгер де іскер басшысын қолдайды деп сенемін», - деді З.Оразаев.