Елбасы Павлодар облысындағы Қазақстан электролиз зауытының екінші кезегінің іске қосылу рәсіміне қатысты

Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай / - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысында Қазақстан электролиз зауытының екінші кезегінің іске қосылу рәсіміне қатысты. Салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы зауыттың екінші кезегінің іске қосылуына арнайы келгендігін атап көрсетті.
None
None

Елбасының айтуынша, аталмыш зауыт тәуелсіздіктің, Қазақстанда шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасалғандығының арқасында салынып отыр. Бұл нысанда 850 млн. доллар қаржы игерілген. Бұл зауыт еліміздегі 30 корпоративті көшбасшы бағдарламасына кіретін ірі жобалардың бірі болып табылады. «Мен бұл зауыттың құрылысын бірінші күннен бастап мұқият бақылап келемін. Бұл зауыттың алғашқы сатысының қаланғаны, 2007 жылдың желтоқсанында бірінші кезегінің іске қосылғаны есімізде. Кеңес одағы кезінде мұндай зауыт салуға ондаған жылдар кететін. Біз мұны өте қысқа мерзім ішінде салып шықтық», деді Елбасы.

Осы орайда Президент зауыттың құрылысын салуға атсалысқан зауыт басшылығына, барша жұмысшыларға алғысын білдірді және келешекте зауыттың үшінші кезегін іске қосу қажеттігін атап көрсетті.

ENRC құрамына кіретін «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ бастапқы аллюминий өндіретін Қазақстандағы бірден бір зауыт болып табылады. Заманауи құрал- жабдықтармен зауытта сапасы өте жоғары өнім өндіріледі. Аталмыш зауыттың құрылысы Қазақстан дербес мемлекет аталғалы жүзеге асырылған алғашқы ірі жобалардың бірі болып табылады. Зауыттың бірінші кезегі 2007 жылдың желтоқсан айында іске қосылған. Бірінші құрылыс кезегі бюджет аясында және белгіленген мерзімнен 27 ай бұрын аяқталды. Зауыттың екінші кезегінің құрылысы да кестеден бұрын аяқталып отыр. Зауыттың екінші кезегі іске қосылған соң енді өндіріс орны жылына 250 мың тонна бастапқы аллюминий өндіретін болады. Қазіргі уақытта зауытта салмағы 20 килограмдық аллюминий құймалары өндіріледі.

2009 жылы аталмыш зауытта өндірілген аллюминий Лондондағы металдар биржасына тіркелді, осылайша Қазақстан электролиз зауытының өнімі халықаралық стандарттарға сай деп танылды. Қазіргі уақытта зауытта заман талаптарына сай экологиялық жағынан қауіпсіз және ең соңғы технологияларды пайдалану арқылы прогрессивті аллюминий өндіру технологиялары қолданылады. Жаңа зауыттың барлық технологиялық процестері автоматтандырылған басқару жүйесімен реттеледі. Бұл өз кезегінде технологиялық операцияларды тиімді реттеуге, электролиздердің, газды тазартатын қондырғылардың, құю цехының және қосалқы нысандардың жұмыс параметрлеріне үздіксіз мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар