Елбасы ресми сапармен Нидерландыға келді

ГААГА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Нидерландыға келді. Елбасы сапар аясында 24-25 наурыз күндері Гаагада өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит жұмысына қатысады.
None
None

Сапар бағдарламасында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Нидерланды королі Виллем-Александрмен, Премьер-министр Марк Рюттемен, сондай-ақ «Шелл», «Филипс» сынды трансұлттық компаниялардың басшыларымен кездесуі көзделген. Қазақстан Президентінің іргелі нидерландылық компаниялардың көрмесін аралап, «Қазақстан достары» саяси клубының мүшелерімен жүздесуі жоспарланған.

Гаагадағы келіссөздердің қорытындысы бойынша саясат, экономика, технология, ғарыш, қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы, білім беру, және басқа да маңызды салаларға қатысты бірқатар құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.

Нидерланды Қазақстанды өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын Орталық Азиядағы сенімді саяси әрі сауда-экономикалық серіктес ретінде қарастырады. Өз кезегінде Қазақстан үшін Нидерланды Еуроодақтағы маңызды және перспективалы ел.

Нидерланды Қазақстан экономикасының «бірінші нөмірлі» инвесторы болып саналады. Бұл елден 2005-2013 жылдар аралығында Қазақстанға тартылған тікелей инвестицияның жалпы көлемі 49,8 млрд. долларды құрады.

Соңғы жаңалықтар