Елбасы саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесті

АНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесуі өтуде.
None
None

Атап айтқанда, кездесуге Ілияс Жансүгіровтың ұлы - Саят, Тұрар Рысқұловтың қызы - Сәуле Рысқұлова, Халық ағарту комиссары Ұзақбай Құлымбетовтың қызы - Кибира Ұзақбайқызы Қарабалина, Мағжан Жұмабаевтың келіні - Шекер Өмірбайқызы Қаһарманова, 30-40 жылдары Қазақстанға қоныс аударылған Хван Унденнің қызы - Раиса Өмірбайқызы Хван, Қазақстанға бала кезінде отбасымен қоныс аударылған, Астанадағы «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Салман Сайдарұлы Героев қатысуда.

Кездесуге сондай-ақ өткен ғасырдың 30-50 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған және Қазақстанға қоныс аударылғандардың ұрпақтары: 1937 жылы қуғанға ұшыраған Төреқұл Айматовтың қызы - Розетта Төреқұлқызы Айтматова, кеңес актрисасы, АЛЖИР тұтқыны Раиса Михайловна Плисецкаяның ұлы - Азарий Михайлович Плисецкий, АЛЖИР тұтқыны Надежда Михайловна Каландадзе-Мисабишвилидің немересі - Грузияның Қазақстандағы елшісі Паата Каландадзе, т.б қатысуда.

«Біз бүгін, сонау кездегі оқиғаларды еске алу үшін, оларды жадымыздан шығарып алмау үшін бас қосып отырмыз», - деді Елбасы өз сөзінде.

Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап толеранттылық, халықтар арасындағы теңдік пен достық, ел ішіндегі тұрақтылық идеяларын насихаттап келеді.

«Осының арқасында біздің еліміз әлем елдерінің құрметі мен сеніміне ие, толеранттылықтың арқасында біз әлемдік дәстүрлі діндердің съездерін өткізіп жатырмыз, біз тек бұрынғы Кеңес Одағының аумағында ғана емес, бүкіл әлем бойынша ықпалдастық үдерісі бастамасын көтеріп отырмыз», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев өз сөзінде.

1924 -1954 жылдардың аралығындағы кезеңде Қазақстанда 100 мың адам қуғын-сүргінге ұшырады, олардың ширек бөлігі атып тасталды. Олардың қатарында Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Абдулла Розыбакиев, Мағази Масанчи, Ілияс Жансүгіров, Левон Мирзоян, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұханбетов және Жаханша Досмұханбетов сияқты танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялылар болды. Республика аумағында ГУЛАГ, АЛЖИР және т.б. лагерьлер жұмыс істеді. Ондаған жылдарға жалғасқан саяси қуғын-сүргіннің, күшпен ұжымдастырудың және «голощекиндік» ашаршылықтың салдарынан қазақ халқының 42 пайызы қырылып қалды, тағы соншама адам туған жерлерін тастап қашуға мәжбүр болды. Ал жалпы Кеңес Одағы бойынша 3 миллион 777 мың адам сотталды, қуғынға ұшырағандардың 642 мыңы ату жазасына кесілді.

Егемен Қазақстанда қабылданған алғашқы заңдардың бірі 1993 жылғы сәуірдің 14-дегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң болды.

Соңғы жаңалықтар