Елбасы Словакия бизнесін Қазақстанда жүзеге асырылатын жобаларға қатысуға шақырды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстанда индустриялық-инновациялық бағдарлама әзірленгенін, биылғы жылы оны іске асыру есебінен 144 жаңа жобаны аяқтау жоспарланып отырғанын, сондай-ақ жаңа 47 жобаны іске асыру басталатынын еске салып өтті.
«Бұның барлығы бізде қаржымен, жобалаумен қамтамасыз етілді. Біз не істейтінімізді, қайда іске асыратынымызды және қашан аяқтайтынымызды білеміз»,-деді Президент.
Елбасы форум барысында Қазақстанда бұдан басқа ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатқандығын айта келе, осы тұрғыда Президент «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автокөлік жолы салынып жатқандығын ескеріп өтті. Қазақстан аймағы арқылы бұл жолдың 2 700 шақырымы өтеді.
Бірқатар жобаларға словакиялық бизнесмендер қатыса алатынын жеткізген Мемлекет басшысы, «бұлардың барлығы үлкен нысандар. Олар елеулі күшті және мүмкіндікті талап етеді. Мен Словакия бизнесін бұл жобаларға белсенді түрде қатысуға шақырамын», деді.