ЕЛБАСЫ СЫНЫ РАСТАЛДЫ: «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес БҚО-ның Жәнібек ауданында 2014 жылы 239,5 млн. теңге қаражат бөлу қажеттілігі есептелініп отыр

Аудандық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бас маманы Наталья Сажина бұл ретте кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жедел топ құрылып, биылдың өзінде 162 адамды қамтып, түсінік жұмыстарын жүргізгендігін жеткізді. Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жедел топ жұмысын аяқтаған соң ауданда кәсіпкерлікті дамыту инфрақұрылымының қыр-сырын толық қамтыған «Кәсіпкерлікті дамытудың 2013-2015 жылдарға арналған картасы» жасалған. Картаға сәйкес ауданға 2014 жылы 239,5 миллион, ал 2015 жылға 250 миллион теңгенің қажеттілігі есептелініп отыр.
Кәсіпкерлікті қолдау аясында білікті мамандар кәсіпкерлерге сервистік қызмет түрлерін көрсетіп, кәсіпкерлік қызметті тиімді әрі сауатты жүргізу мақсатында өз бизнесін құру, бизнес идеяның келешегін талдау, кәсіпкерліктегі маркетинг, қызметкерлерді басқару, кәсіпкерліктің заңды тетіктері, тағы да басқа бағыттар бойынша тегін кеңес берген. Мысалы, кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламаларды ауылдық округтер тұрғындарына түсіндіру, насихаттау шараларына «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ БҚО бойынша өңірлік филиалының өкілдері атсалысқан. Аталған қордың жылына екі рет ұйымдастырып өткізілетін екі күндік семинар-курсына 33 тыңдаушы қатысып, тегін кеңестер алған. Сондай-ақ биыл маусым айында «Назарбаев университеті» АҚ базасында 4 кәсіпкер «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасының төртінші бағыты - кәсіпкерлік мүмкіндікті арттыру бойынша үш күндік бизнес-курсқа қатысып, білімін жетілдірген. Сол сияқты аталмыш бағдарламаның жаңа бизнес-бастамаларды қолдау жөніндегі бірінші бағытына сай аудандағы 4 кәсіпкер тағамдық азықтар өндіру (пиццерия, шағын наубайхана), сәулет және компьютерлік қызмет бойынша грант алу үшін облыстық конкурсқа қатысып, өте алмаған. Ал бағдарламаның осы бағыты бойынша үш шаруа қожалығы өздерінің шаруашылықтарында электр желілерін өткізу және жол төсеп салу жұмыстарын жүргізеді деп жоспарлауда.
Ауданның табиғат-климаттық жағдайын есепке алғанда кәсіпкерліктің мал шаруашылығы, құс өсірушілік бағыттары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, азық-түлік тағамдарын өндіру және басқа өндіріс салаларын дамытуға мүмкіндік бар. Алайда ауылдық жерде несие алу үшін кепілге қоятын жылжымайтын мүлік өте төмен бағаланады. Мәселен, құны 1,5-2 миллион теңге тұратын үй 0,7-1,0 миллион теңгеге бағаланады. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы арқылы 3 миллион теңгеге дейін несие алуға болады. Бірақ жылжымайтын мүліктің төмен бағалануына берілетін қаржы мөлшері кәсіпкерлікпен айналысамын деген тұрғындардың мүмкіндігін шектеуде. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің ауылдық жердегі жылжымайтын мүліктерді облыс орталығынан шалғай жатқандығымен байланыстырып, кепілдікке алмауы да қиындықтың бірі болып табылады. Сонымен бірге несиені рәсімдеу кезінде тиісті ресми құжаттардан басқа қосымша көптеген түрлі анықтамалар мен құжаттарды талап ету де несие алудағы басты кедергілер болуда.