Елбасы Теміртауда Қазақстан Магниткасының 50 жылдығына арналған мерекелік шойын алу рәсіміне қатысты

Мерейтойлық шойынды №4-ші домна пешінің горновойлары Нұрым Әліпбиев пен Сергей Жмурин алды.
Айта кетейік, биыл Қарағанды металлургия комбинатының құрылғанына 50 жыл. Осыдан жарты ғасыр уақыт бұрын, яғни 1960 жылғы шілденің 3-інде 15 сағат 07 минутта Қарағанды металлургия комбинатының №1-ші домна пешінде алғашқы қазақстандық шойын өндірілді. Бұл тарихи оқиғаға жас горновой Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты.
Мерейтойлық шойынды шығару рәсімінен кейін зауыт жұмысшыларымен әңгімелескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, осыдан 50 жыл бұрын осы зауытта алғашқы шойын шығару салтанатының қатысушысы болғандығын мақтан тұтатынын айта келе, зауыт жұмысшыларын осы айтулы датамен құттықтады. Оларға зор денсаулық, еңбекте жаңа жеңістер, табыс пен өркендеу тіледі.
Осы зауытта Днепродзержинскідегі оқуын аяқтаған соң Қазақстанның болашақ Президенті, горновой Н. Назарбаев еңбек жолын бастаған болатын.