Елбасы туған өңірде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы туған өңірдің тыныс-тіршілігі туралы "Айқын" газеті жазады.
None
None

 «Үшқоңыр» атты жаңа өнер ұжымы дүниеге келді

Бүкіл қызметтік жолын туған өңіріне арнап, қарапайым жұмысшыдан облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына дейін көтерілген, оған дейін ауыл, бірнеше аудан және қала әкімі міндеттерін мінсіз атқарған Махаббат Бигелдиевтің Қарасай ауданының тізгінін ұстағанына көп бола қойған жоқ. Дегенмен, игі істерімен жұрт назарын өзіне аударып, ел алғысына бөленіп  үлгерді. Басшы болған жерлерінде мәдениет пен әдебиетті, өнерді қолдап жүретін ақынжанды азамат Жамбыл ауданын басқарған жылдары заманында аты алысқа тараған «Құлансаз» ансамблінің қайта жаңғыруына ат салысқан болатын. Талдықорғанға жетекшілік еткен кезде құрған «Талдықорған әуендері» ансамблі әлі күнге елдің құлақ құрышын қандырып жүр. Енді, міне, Махаббат Сәдуақасұлының бастамасымен Қарасай ауданында «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің тұсауы кесілді. 

Жаңадан өнер ұжымын ашудың оңай емесі айдан анық. Осы орайда, қазақы салт-дәстүрімізді дәріптеп, еліміздің бола­ша­ғы саналатын жас ұрпаққа рухани тәр­бие беру жолында қолдан келетін көмегін ұсынуға әзір тұратын жаны жомарт, қолы ашық демеушілердің жәрдемімен және Ал­маты облысы әкімінің тікелей қол­дауы­мен аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрыл­ған өнер ұжымына ақ жол тілейміз.
Дәстүр бойынша, игілікті істі атқарып, та­маша өнер ұжымын дүниеге әкелген жан­дарға алғысын жеткізіп, аудан халқын қуа­ныштарымен құттықтау үшін сахнаға кө­терілген аудан әкімі Махаббат Сәдуа­қас­ұлы барлық қарасайлықтар атынан есімі елге танымал меценат, ансамбльдің бас де­меушісі Болат Назарбаевқа, осы шара­ның басы-қасында болып, үлкен үлес қос­қан ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Аман­гелді Дәуренбаевқа, ұжымға қажетті штатт­ы бөлгізіп, қаржыландыру мәселесіне ба­рынша қолдау көрсеткен облыс әкімі Аман­дық Баталовқа шын жүректен алғы­сын білдірді. Сонымен бірге, жаңадан құ­рыл­ған ансамбльдің репертуарын қалып­тас­тыруға көп еңбек сіңірген ком­по­зи­тор-
лар Бағлан Омаров пен Бауыржан Есе­баев­тың, аудандық мәдениет және тілдерді да­мыту бөлімінің басшысы Ермек Жұма­таев­тың, өзге жанашыр жандардың есім­дерін зор құрметпен атап өтті.
 Тамашаға жиналған қауымның жаңа өнер ұжымынан күткен әсері артығымен орын­далды. Сахна шымылдығы ұлт аспап­тар оркестрінің орындауындағы «Қарасай» күйімен ашылды және ешкімді де бейжай қал­дырмады. Қасиетті қара домбыра, қоңыр сазды қобыз, дара дауысты дауыл­паз, сырлы сазды сырнай, жетіген мен өзге де аспаптар үні үйлесім тауып, тың­дар­ман­дарын көне ғасырларға жетелегендей әсер қалдырған. Бұдан кейін сахнаға шыққан трио қосыла шырқаған Елбасына арнау Ұлт көш­басшысының сіңірген еңбегін айшық­тап берді.
  Айта кетерлігі, бұл күні тек ансамбльдің ғана емес, сонымен бірге көптеген жаңа ән­дердің де тұсауы кесілген. Атап айтқанда, М.Бигелдиевтің сөзіне жазылған Б.Есе­баев­тың «Жан аға» әні, Е.Спанәлиевтің «Со­­лай» әні, Е.Жұматаевтың сөзіне жа­зыл­­ған Б.Омаровтың «Үшқоңырға кел» әні орын­далып, тыңдарманның құлақ құры­шын қандырса, оркестрдің орындауындағы Қ.Жұмағалидың «Әке аманаты» атты күй-поэмасы Әбіш атаның кейінгі ұрпаққа қал­дырған рухани мұрасы ретінде ұсыны­лып, көңіл төрінен орын алды. Бұдан бө­лек, ансамбльдің әншілері халық әндері мен заманауи шығармаларды нақышына кел­тіре шырқаса, күйшілер күй жарысын қыз­дырып, мың бұралған бишілер керемет қи­мылдарымен көрермен көзайымына айналған.
Жаңа өнер ұжымының құрамы да осал емес­тігін айта кеткен жөн. Мұнда талай рес­публикалық және халықаралық бай­қау­ларда топ жарып жүрген жас дарындар бас қо­сып отыр. Барлығы 35 өнерпаздан тұра­тын ансамбльде 14 оркестр мүшесі, 8 биші, 10 дәстүрлі және эстрада әншілері еңбек ете­тін болады. Танымал композитор Бағ­лан Омаров - көркемдік жетекші, Еркін Ра­химов музыкалық жетекші қызметіне тағайындалған. Ал концертмейстері - Қуа­ныш Жұмағали. Әрине, өнер ұжымы қа­жетті аспаптармен және техникалық жаб­дық­тармен толықтай жарақтандырылған. Әсі­ресе, ұлттық ою-өрнектермен көм­ке­ріл­ген сахналық киімдер көздің жауын ала­ды.
Концерт соңында ортаға Амандық Ғаб­басұлының атынан ықылас гүлі әкелінген. Осыдан кейін жаңадан құрылған өнер ұжы­мының тұсаукесер салтанатына ар­найы келген облыс әкімінің бірінші орын­ба­сары Ләззат Тұрлашов сөз алып, Ұлы да­ла елінде дәурен құрып отырған Қазақ мем­лекетінің биыл 25-рет тойланғалы отыр­ған Тәуелсіздік күнімен жиналған жұрт­шылықты құттықтады. Сонымен бірге ол жер жәннаты - Жетісудың өнері мен мә­дениетін өркендетуге үлес қосып жүрген өнер жанашырлары Светлана Мыр­зах­мет­қызының, Әнипа Әбішқызының есімдерін ізет­пен атап өтіп, жан жомарттығымен ұжым­ға демеушілік жасаған Болат Назарбаевтың иығына дәстүр бойынша шапан жапты.

***

Алакөлдік кәсіпкерлердің Талдықорғанға тартуы 

Алматы облысы орталығында балдырғандарды мектепке дейінгі білім және тәрбие мекемесімен қамту бір кездегі көрсеткішке жетіп қалды. Заманында Талдықорған қаласында алпысқа жуық балабақша жұмыс істеп, балдырғандардың мектепке дейінгі білім алып, тәрбиеленуінде ешқандай шетін мәселе болмаған. Одан кейінгі жылдары балабақшаның саны бір қолдың саусағынан әрең асқан кезеңді де көзімізбен көрген едік. Дегенмен, Елбасы бастамасымен еліміз аумағында қолға алынған «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы, соның бір бағыты болып саналатын мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік арқылы балабақшалар мәселесін шешу Жетісу жерінде, оның ішінде Талдықорған қаласында дұрыс орындалуда. Соның бірі - алакөлдік кәсіпкерлердің  мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік негізінде Талдықорғанда пайдалануға берген мектепке дейінгі тәрбие мекемесі. 

Балдырғандар мен олардың ата-аналарын қуанышты күн­мен құттықтай келген Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев мырза өз сөзінде: «Жыл басынан бері  об­лыс орталығында екі бірдей жекеменшік балабақша ашы­лып, оларда 85 орынға мемлекеттік тапсырыс ор­наластырылған еді. Енді, міне, «Кәтия апа» балабақшасы бал­дырғандарды қабылдауда. Мұнда 37 адам жұмыспен қам­тылып, 125 бала мектепке дейінгі білім мен тәрбие ала­ды. Қалалық білім бөлімі жекеменшік балабақшалар са­лып, пайдалануға беру мақсатында инвестор тарту ш­араларын әлі де жүргізуде. Облыс орталығында  бала­бақ­ша ашуға ниет білдірген адамдардың бәріне әдіс­те­мелік көмек көрсетіліп, жекеменшік балабақшаларды құжаттандыру бойынша оқыту семинарлары тұрақты өткізілуде. Биылға мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік аясында 12 балабақша ашу жоспарланған еді, бүгін міне соның үшіншісін пайдалануға беріп отырмыз. Астана күні құтты болып, Елбасының бастауымен еліміздің мәр­тебесін асыра берейік» деді.
Кезекті мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру меке­ме­сін алакөлдік кәсіпкер азаматтар өз қаржыларымен іске қосып,  оған сол өздері туған өңірде көріпкелдігімен, ақыл­гөйлігімен ел аузында есімі қалған Кәтия апаның есі­мін беріп отырғанын да жұрт құлағына жеткізе кет­кенді жөн көрдік. 
Жалпы, облыс орталығында «Балапан» мемлекеттік бағ­дарламасының сәтті орындалуы арқасында бүгінгі күні 50 балабақша жұмыс істеуде. Олардың 16-сы мем­лекеттік болса, 25-і - жекменшікке тиесілі. Сонымен бірге 8 мек­тептің жанынан ашылған шағын орталық пен 1 же­кеменшік шағын орталық та қаладағы мектепке дейінгі тәр­бие беру мәселесінің оң шешілуіне ықпал етіп отыр. Де­генмен, әлі күнге дейін 11196 баланың балабақша ке­зе­гінде тұруы - бұл бағыттағы жұмыстарды ширата түсу ке­ректігін білдіреді.

«Ұлы Дала азаматтары» республикалық автошеруі

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жә­не Ұлы Отан соғысында ерлік пен өр­ліктің үлгісін көрсеткен қазақ­стан­дық әс­кери құрамалардың құрылған кү­ніне 75 жыл толуына арналған «Ұлы дала аза­мат­тары» атты автошеру Қазақстанның ірі қалаларын аралап, Талдықорған қа­ласына жетті.

Шерудің мақсаты - мемле­кет­тілік пен патриоттық сезімді, халық бір­­лі­гін, жал­пыұлттық құндылық­тар­ды ны­­ғай­туға ықпал ету және қа­зақс­тан­дықтарды «Мәңгілік ел» идея­сын ұстануға, «Нұр­лы жол» бағ­­­дарлама­сын жүзеге асыруға ын­та­ландыру.
Алматы облысының орталығына жет­­кен автошерушілер Талдықорған қа­­ласының орталық саябағындағы мәң­­гілік алауға гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тап­қан жауын­герлердің рухына тағ­зым етті. 
Салтанатты да сауапты шарада бі­­рін­ші болып сөз алған «Нұр Отан» пар­­­тиясы Алматы облыстық филиа­лы тө­рағасының орынбасары Г.Той­лы­баева: «Бүгін, міне, «Ұлы дала аза­мат­та­ры» атты автошеру біздің об­­­лыстың ор­талығына келіп жетті. Биыл Қазақ­стан­дағы әскери құра­ма­­лардың құрыл­ғанына 75 жыл то­лып отыр. Қазақ да­ласында жа­сақ­талған әскери құрамалар Ұлы Отан соғы­сын­да өшпес ерлік көр­­сет­­ті. Май­дан­ға Қазақстаннан 1,5 мил­­лионнан ас­там жауынгер ат­танса, олар­дың ба­сым көпшілігі Ал­­маты қа­ласы мен Ал­маты об­лы­сы­нан еді. Сол кеткен жауын­гер­ле­рі­міздің көпшілігі майдан алаңынан қайтпай, ерлікпен қаза тапты. Қа­зақ­стандық жауынгер­лер­дің  600-ден астамы Кеңес Ода­ғы­ның Ба­ты­ры атағын алған. Олардың ер­лігі еш­қашан ұмыт болмайды! Сіз­дердің осы­лайша республикалық дең­гейде ұйымдастырған істеріңізден біз де үлгі алып, облыс жастарын отан­сүй­гіш­тік пен елжандылыққа баулимыз деп айта аламын» деді.
«Генералдар кеңесі» РҚБ өкілі, ге­не­рал-майор М.Марденов Ұлы Отан со­ғысы жылдары әскери құра­ма­лардың құрылған алғашқы өңір­лер­дің бірі Ал­маты облысы екен­ді­гіне тоқталды. 1941 жылы қараша айын­да Мәс­кеу түбіндегі ал­ғашқы шай­қас­тар­ға қатысқан ат­қыш­тар ди­визия­сы­ның құрамында қыр­ғыз бауыр­ла­ры­­мыз бен қазақтар бол­ғанын та­рих­тан білеміз. Олардың ер­лік­тері тарих бе­­тіне алтын әріп­термен жа­з­ылды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғы қар­саңын­да өткенді ес­керіп, бүгінге үлгі көр­сету баста­ма­сымен ел аралап жүр­­ген авто­шеру­шілер Талдықор­ған­да­ғы тағ­зым ету шарасынан соң Ал­маты қа­ла­сына қарай аттанды.

Ынтымақты елге ырыс қонады

Арнайы жұмыс сапарымен Жаркент өңіріне келген Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы «Құрғақ порт» және «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығының» жұмысымен танысты. Арнайы экономикалық аймақ қызметкерлерімен кездесіп, еліміздегі қоғамдық келісім кеңестерінің қызметі мен оның дамуына жергілікті халықтың белсене қатысуы төңірегінде әңгімеледі, жиналғандар тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар қайтарды. 

Келесі кезекте Жаркент қала­сын­­дағы аудандық әкімдіктің кіші мә­ж­іліс залында Панфилов, Кер­бұ­лақ, Райымбек, Ұйғыр аудандары әкім­дерінің орынбасарлары, ішкі сая­сат бөлімдерінің басшылары, қо­­ғамдық келісім кеңесінің мүше­ле­рі, құқық қорғау органдарының қыз­меткерлері және БАҚ өкілдері­мен кездесті. Жиынға ҚР Парла­мен­ті Мәжілісінің депутаты Роман Ким, Алматы облысы әкімінің орын­басары Бақтияр Өнербаев, Қа­зақ­стан халқы ассамблеясы Алматы об­лыстық хатшылығының меңгеру­ші­сі Ғабит Тұрсынбай және ассам­блея мүшелері қатысты. Басқосуды ашқан облыс әкімінің орынбасары форумның мақсатына жан-жақты тоқталды. 
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы игі шаралармен айшықталып отыр­ғанын, Қазақстан халқы ассамб­лея­сы бірлік пен келісімді нығайтуға, қайы­­рымдылық шараларын үйлес­тіру­ге, медиация саласын дамытуға ба­ғытталған істерге ұйытқы болып, әр өңірде ауқымды істерді қолға ал­ға­нын атап өткен Бақтияр  Әл­тай­ұлы 2 миллионға жуық халық, 105 этнос өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп отырған облысымызда қазір 71 эт­номәдени бірлестіктің қазақстандық жа­расымдылықты сақтауға қызмет етіп жатқанын айрықша атап өтті.
Ералы Лұқпанұлы қоғамдық ке­лісім кеңестерінің қызметін ұйым­дас­тыру бойынша үлгі боларлық тәжірибелерді аудан, қала, ауылдық округтерге таратудың тиімді тәсіл­де­рін тілге тиек етті. «Мәңгілік Ел» жал­пыұлттық патриоттық идеясын жү­зеге асырудың маңызын егжей-тег­жейлі түсіндірді. 
Кездесу кезінде Панфилов ау­дан­дық ардагерлер кеңесінің тө­ра­ғасы Сағымбек Ұшбаев, Панфилов ау­дандық қоғамдық келісім кеңе­сі­нің мүшесі Құрбанбүбі Ашимова, Ұйғыр аудандық жастар ресурстық ор­талығының жетекшісі Артем Ком­мунаров сөз алып, жергілікті жер­дегі қоғамдық келісім кеңесі жұмы­сының барысы туралы айтты. Сон­дай-ақ, еңбек ардагері Жанұзақ Ақ­танов Астанадан келген қонақтан 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құр­бандары, жаркенттік боздақтар Ләз­зат Асанова мен Ербол Сыпа­таев­қа «Халық қаһарманы» атағын беру жөніндегі ұсынысты жоғарыға жет­кізуді өтінді. 

25 жылда 188 елді мекеннің атауы жаңартылыпты   

Алматы облысында мемлекеттік тілдің мәртебесі қашанда асқақтап тұрады. Оған Тәуелсіздік алған кезден бергі жылдар барысында өңірдегі 188 елді мекен атауы құлаққа түрпідей естілетін жат атаудан құтылып, жергілікті жұрттың қалауына сай аталатын болғанын дәлел ретінде келтіруге болады.  Осы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеген Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Ахмет Кендірбекұлы бұдан басқа да бірқатар жағымды жаңалықтармен журналистерді қуантып тастады. 

Басқарма бастығының айтуынша, 75 ауылдық округтің, 191 әлеуметтік нысанның атауы жаңаланып, 39 көшеге Ұлы Отан Соғысы ардагерлерінің есімдері беріліпті. 
Облыстағы тілдік ахуал, мемлекеттік тілдің қызмет ету ая­сын кеңейту мен мәртебесін нығайту мақсатында атқа­ры­лып жатқан іс-шараларға тоқталар болсақ, жағдай төмен­дегі­дей. Мемлекеттік тілдегі құжат айналымы алға жылжыған жыл­дармен бірге арту үстінде. Мысалы, 2016 жылғы бірінші жар­тыжылдықтың қорытындысы бойынша кіріс құжатта­ры­ның 82,3 %-ы, ал шығыс құжаттарының 99,3 %-ы мемлекеттік тілде көрініс тапқан.
Ана тіліміздің мәртебесі бесіктен бастау алатындығын айт­қан спикер балабақша, мектептегі мемлекеттік тіл мәсе­ле­сіне де тоқталып өтті. Облыстағы 337 балабақшаның 70,0%-ы қазақ тілді. Ал, 737 мектептің 414-і мемлекеттік тілде бі­лім береді. Соның ішінде қазақ тілінде оқитын 330 мыңнан ас­там оқушының арасында 8054 этнос өкілі бар. 

Бетті дайындаған Болат Абаған, 
Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар