Елбасы Үкімет пен Ұлттық банкке «Нұрлы жол» аясында тағы екі маңызды міндет жүктеді
«Қазіргі күні күрделі кезеңдер туып келеді. Жаһандық саясаттағы дағдарыстар, санкциялар жаһандық экономиканың тәуекелдерін зорайтып отыр. Ал Қазақстан жаһандық экономикада әрі барша әлеммен тығыз байланыста. Қазір барлық елдер мен халықтарға оңай емес. Әлемдік нарық көмірсутектерге, металлдарға бағаның төмендеуіне, экспорт пен валюта табудағы басқа да өнімдерге баса назар аударып отыр. Әлемдік экономиканың бір бөлшегі болғандықтан бізге де оңай соқпайды, соны әрбір қазақстандық қаперге алып жүруі керек. Сондықтан да, бізге де бекітілген бюджеттің шығыстарын ішінара қысқартуға тура келеді. Алайда, мен бұған дейін де айттым, бүгін де қайталаймын, ол қысқарту әлеуметтік шығыстарымызға еш қатысы жоқ», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы бұған дейін Үкіметке мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындау туралы тапсырма бергенін еске салып, ендігіде Үкімет пен Ұлттық банк алдына тағы екі маңызды міндет жүктелетінін атап өтті. «Біріншіден, біздің экономиканы долларсыздандыру. Екіншіден, инфляциялық үдерістерді тежеу. Бұлар «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының құрамдас бөлігіне айналуы керек», - деді Н. Назарбаев. Бұл ретте Елбасы дағдарыстар ұзақ болмайтынын, бұл жолғы дағдарыс та өтетініне тоқталды.