Елбасы Үкіметке тұрғын үй құрылысын қолдаудың және ипотеканы ынталандырудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды
«Соңғы 2-3 жылда іске асырылған тұрғын үй құрылысы бағдарламасының арқасында 1 млн.-ға жуық қазақстандық жаңа үйлерге көшті. 2009-2010 жылдары дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру іс-қимылдары жаңа тұрғын үй салу деңгейін жылына 6,4 млн. шаршыметр деңгейінде сақтап қалуға мүмкіндік берді», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Алайда Елбасы дағдарыстың салдары, коммерциялық құрылыс өсімінің төмендеуі, дағдарысты еңсеру бағдарламасының аяқталуы тұрғын үй құрылысының қарқынын 3 млн. шаршыметрге дейін төмендетуі мүмкін екенін айтып өтті. «Бұған жол берілмейді. Осыған байланысты Үкіметке тұрғын үй құрылысын қолдауды және ипотеканы ынталандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырамын», - деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» жүйесі аясында жергілікті атқару органдарымен қымбат емес тұрғын үй құрылысын қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерді қорландыруды қамтамасыз ету қажет. Ол үшін құрылыс кезінде мемлекет екінші деңгейлі банктерде мақсатты депозиттерді орналастыруы шарт.