Елбасы Үкіметке жаңа еңбекпен қамту бағдарламасын ағымдағы жылы ілкі жоба ретінде іске қосуды жүктеді
Бұл тапсырманы Мемлекет басшысы бүгін «Нұр Отан» ХДП-нің ХІІІ съезі барысында берді.
«Үкіметке менің Жолдауымда жарияланған еңбекпен қамту бағдарламасын ағымдағы жылы ілкі жоба ретінде іске қосып, кемінде 50 мың адамды жұмыспен қамтуды тапсырамын. Бұны жүзеге асыру үшін қажетті қаржы республикалық бюджетте көзделген», - деген Н.Назарбаев 2015 жылы аталған бағдарламаға қатысушылардың саны шамамен 1,5 миллион адамды құрайтындығын баса айтты.
«Нәтижесінде Қазақстандағы кедейшілік деңгейі 6 пайызға дейін төмендеуі керек. Бұндай пайыз тіпті дамыған мемлекеттердің өзінде де жоғары және біз бұған міндетті түрде қол жеткіземіз», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, бұл орайда Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, шетелдік кәсіпорындарды аталған бағдарламаға белсенді қатысуға тартуы керек. Сонымен қатар аталған кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашып, оларға жұмыссыз азаматтарды қабылдаумен қатар оқыту мәселесін де қарастыруы қажет.
Елбасының пайымынша, бұл - шетелдік компаниялардың міндеті. Өйткені, оларға еліміздің жер қойнауы байлығын игеруге мүмкіндік беріліп отыр.