17:06, 13 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Елбасы Украинаға ресми сапармен барады
АСТАНА. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай / - Украина Президенті Виктор Януковичтің шақыруымен қыркүйектің 14-15 күндері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украинаға ресми сапар жасайды.

Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов айтты.
«Киевте екі мемлекет басшыларының келіссөздері өтеді. Оның аясында екі жақты және көпжақты форматтағы Қазақстан мен Украина арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланады және бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылады деп күтілуде», деді А. Әбдірахманов.
Оның айтуынша, сапар аясында қазақ-украин бизнес-форумы өткізіледі деп жоспарлануда. Шара кезінде оған қатысушылар сауда-экономикалық, отын-энергетикалық, көлік, авиақұрылыс, ғарыш салаларындағы, агроөнеркәсіп кешеніндегі, білім мен ғылымдағы өзара пайдалы ынтымақтастық жобаларын, инвестициялық және кәсіпкерлік қызметті өзара қолдауды қарастырады.