12:45, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Елбасы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі мен ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің мәжілістеріне қатысады
МӘСКЕУ. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - Кеше Мәскеуге келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі мәжілісіне қатысады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Түстен кейін Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесінің мәжілісіне қатысады. Елбасымен еріп жүрген ресми делегацияның құрамында ? Сыртқы істер министрі Марат Тәжин, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Қайрат Келімбетов, Президенттің Халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі Қайрат Сарыбай, Президенттің көмекшісі - ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қайырбек Сүлейменов, Қорғаныс министрі Даниал Ахметов, Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев, Қаржы министрі Болат Жәмішев және басқалар бар. Бұдан бұрын хабарлағандай, Мәскеуде бүгін, ақпанның 4-інде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы елдердің Сыртқы істер және Қорғаныс министрлері, Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің бірлескен отырысы, сондай-ақ ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысы өтеді. Аталған отырыстар барысында 2008 жылғы желтоқсанның 19-ы мен 21-і аралығында Бурабайда өткен мемлекет басшылары саммитіндегі бастамаға сәйкес ҰҚШҰ-ның ұжымдық жедел әрекет ету күштерін құру мәселесі талқыланбақ. Сонымен қатар, Бурабайдағы саммитте қол жеткен келісімдерге сай ЕурАзЭҚ Үкіметаралық кеңесінің отырысында Әлемдік дағдарысқа қарсы қор және Жоғары технологиялар орталығын құру мәселелері қарастырылады.