Елбасы ұсынысы жаңа буын қалыптастыруға негіз болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазірде біздің елімізде латын жазуына көшуге байланысты барлық мүмкіндіктер, қажетті алғышарттар жасалған деп айтуға болады.
None
None

Өйткені бұл мәселені Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, республикамыздың зиялы қауым өкілдері, тілтанушы, саясаттанушы ғалымдарымыз бен ғылым-білім саласының мамандары 1990 жылдардан бері келелі әңгіменің өзегі етіп келеді.

Қазір түркітілдес мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп, ғалымдарын шақырып, комиссия құру керек деп жиі айтылып жүр. Тіл білімі институты шетел тәжірибесінің оң-солын зерделеп шықты. Бізге осы тәжірибені пайдалану керек, себебі басқа ұлттың ғалымы бізге әліпби жасап бере алмайды.

Елбасы ұсынып отырған екінші жоба - «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Осы жоба бойын­ша тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану сияқты гуманитарлық ғылымдардың бағыттары бойынша әлемдегі ең таңдаулы 100 оқулық әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалады. Тіпті 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттер осы оқулықтармен оқытыла бастайтыны көңілге қуаныш ұялатады.

«100 оқулық» бағдарламасы бойынша жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім беретін болсақ, білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген ­мамандарды даярлауға қол жеткізуге мүмкіндік аламыз. Жіктеп айтар болсақ, әлем елдерінің ең таңдаулы оқулығын оқыту арқылы студенттеріміздің дүниетанымы кеңейіп, жаһандық өркениеттен хабары арта түсетіні сөзсіз.

Президент белгілеген үшінші міндет ол «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру. Біз отбасында, балабақшада, мектеп пен жоғары оқу орындарында жастарымыздың бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті сіңіре отырып тәрбиелесек, күні ертең олар туған елін де, Отанын да қадірлеп, қастерлейтін жанашыр ұрпақ болып қалыптасары сөзсіз. Өйткені, «Туған жер» бағдарламасы жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуге бағытталған өміршең құжат болып табылады. Сондықтан кәсіптік және орта мектеп те, жоғары оқу орындары да алдағы уақытта осы құжатты жүзеге асыруға жұмылуы тиіс.

Елбасы осы еңбегінде «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, халықтың санасына одан да маңыздырақ әсер ететін - жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз қажеттігін ескертіп, ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы әзірленуі керектігін айтты. «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі, - деді Елбасы. - Бұл - рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы даланың көз жеткізсіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз өз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз». Осылай деген Елбасы мәселе тек еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде емес екендігін, мұндағы негізгі идеяның түп-төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейтінін ескертті. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайтынын еске салды. Меніңше, бұл өте орынды көтеріліп отырған мәселе. Өйткені еліміздің қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі - қаншама ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын мәдени құндылықтар болып табылатыны сөзсіз. Егер де «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жасалатын болса, сол бойынша шетелдік туристер елімізге саяхаттап, келіп жатса, қазақ елін, оның қалыптасу тарихын шетелдіктер де жете тани түсер еді.

«Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» дейді Н.Ә.Назарбаев аталған мақаласында. Елбасы бұл жобаның да негізгі мақсаттарын көрсетіп берді. ­Алдымен, отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі - ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі керек. Ол ұлттық рухани құндылықтарымыз негізінде бүгінгі қазақстандықтар жасаған жаңа мәдениет болуы тиіс. Сондықтан мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың жаңа тәсілдерін ойластырған абзал және мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде ғана емес, әртүрлі осы заманғы мультимедиялық тәсілдермен де таралғаны жөн. Ол үшін біз заманауи мәдениетіміздің қандай өкілдері әлемдік аренаға жол тартуы керектігін анықтап алуымыз керек. Ұлттық мәдениеттің озық үлгілерін іріктеп алғаннан кейін шетелдерде оларды таныс­тыру рәсімдері өткізіледі. Елбасының бұл идеялары мен ұсыныстары, шын мәнінде, қазақ елін әлемге мойындатудың басты бағдары болып табылатыны даусыз.

Соңғы жаңалықтар