Елбасы «Жас Ұлан» бірегей жастар қозғалысын және «Жас қыран» атты жаңа балалар ұйымын құруды тапсырды
«Бала тәрбиелеу - бұл ата-ананың ерекше азаматтық борышы. Біздің халқымыз «Баланың бас ұстазы - ата-ана» деп бекер айтпайды. Алайда кейінгі күні осы қағидадан шығып бара жатқандаймыз. Ауылда өскен балалар ата-ананың тәрбиесін білетін болса, қаладағылардың бәрі жұмысбасты болып, бала тәрбиесіне көп бара алмай жүр. Бұлай кете берсе, біз салтымыздан, тілімізден, ғұрпымыздан да ажырай беруіміз мүмкін. Ал баланың тілі ана тілінде шықса, бесігінде барлық қазақы тәрбиені сіңірсе, бойына ана сүтімен ұлттық қасиет дарытылса, сонда ғана отансүйгіштік болады», - деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар Президент ана мен балаға мемлекеттік қолдаудың жақсы үрдіспен атқарылып жатқанын айта келе, бұл шараны болашаққа салынған сапалы инвестицияға теңеді. Президенттің айтуынша, мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаты лайықты тұлға ретінде болашақ қазақстандықты тәрбиелеу болып табылады.
«Келер ұрпақ өзгерістерден қорықпауы керек. Керісінше, әлемде жоқ өршіл, ілкі жобалар ұсынулары қажет. Сондықтан да, партия жұмысын жас қазақстандықтар арасына қарай бұрған маңызды. Осы ретте ел жастарын «Жас Ұлан» бірегей жастар қозғалысын құруға жұмылдыруымыз керек. Бұдан бөлек, партияға жаңа балалар ұйымын құру туралы тапсырма жүктеймін. Оны мәселен «Жас қыран» деп атаса да болады. Бұрынғы тәжірибенің барлығы нашар болған жоқ. Комсомолдарды да, пионерлерді де көрдік. Соның барлығынан құтылуға жүгірмей, керегін, қазірге қажеттісін алу керек. Жастар сыртта қалмай, осындай ұйымдарда, қамқорлықта болуы тиіс», - деді Елбасы.