Елбасы Жолдауы ең алдымен жастарға арналады
Болашаққа бағдарланған рухани жаңғырудың басым бағыттарын айқындап, қиындықтарды қоғам, жұртшылық болып еңсерудің асқаралы міндеттерін қойды. Әр қазақстандықтың көкейінде жүрген, толғандыратын өткір мәселенің күн тәртібіне шығарылуы кездейсоқ емес. Тәуелсіздік жылдары осындай үлкен ұмтылыс жасауға жақсы негіз қаланды.
Экономикалық-саяси салаларда орныққан өркенді өзгерістер санаға да сәулесін түсіргені, қазіргі замандағы жаңа Қазақстанның болашағына деген сенімді нығайта түскені анық. Әрине, жаһандық бәсекеге қабілетті болу, әлемнің озық елдерінің қатарынан көріну үшін мұның бәрі аздық етеді. Бұл ретте ұлттық рухани жаңғыруды сапалық деңгейге көтерудің, оған жол ашатын жаңа тетіктерді іске қосудың маңызы өте зор. Нұрсұлтан Әбішұлының өз сөзіне жүгінсек, «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тере- земізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес... әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек
Тәуелсіздігіміз жарияланғанына ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, ұлттық жадымыздың қасаң қағидалардан арылмай, еңсеміздің тіктеле қоймауының басты себебі, міне, осында жатса керек. Ұзаққа созылған отарлық саясатты, кейін кеңестік дәуірдің үстемдігін бастан кешкен ұлтымыздың бірнеше буыны қазақы қалпынан, болмысынан айрылып қала жаздағаны ащы болса да шындық. Ұлттық құндылықтарымыз көмескіленіп, ата жолынан адасқандар көбейді.
Заманның болмысына сай келе бермейтін басқалардың жылтырақтарына еліктеп, тарихи танымы, ақыл-ойы дағдарысқа ұшыраған, ұлттық намыстан жұрдай мәңгүрттер, ұлттық тәрбиенің уызына қанбаған, туған еліне деген сүйіспеншіліктен, төл мәдениетіне деген құрметтен ада рухсыз, намыссыз жастар шоғыры пайда болды. Туған тілінен, ділінен адасып қалып, қазақ бола алмай басқаларға мазақ болып жүрген олардың қатары қазір де аз емес. Міне, осылайша ұлттың тағдыры, болашағы сынға түскен сәтте Елбасының рухани жаңғырудың өзекті де түбегейлі мәселелеріне сөз арнап, бағыт-бағдар сілтеуі, халқымызға ай туып, күн шыққандай әсер етті десек, артық айтқандық емес.
Егемен ел болғалы да барлық мүмкіндіктерді тиімді игеріп келе жатырмыз деп айта алмаймыз. Басқаларды былай қойғанның өзінде, қызмет бабын жеке басының мүддесіне пайдаланып, мемлекет қазынасына қомағайлана қол салған, содан темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққан биліктегі лауазым иелерінің санынан да жаңылып қалдық. Бұл да бас-көз жоқ, биліктің тізгінін ұлттық құндылықтарымызға қанбаған, бойларына этномәдени болмыс дарымаған, қазақтың тілін, дінін, ділін, ата салтын сыйламайтын жастарға ұстата салуымыздың салдары екені рас. Замананың жүрек лүпілін естімейтін, сезбейтін, кеңестік дәуірден бері жалғасып келе жатқан ескі сүрлеуден шыға алмай қалған басшылар да аз емес. Нақ бүгін, әсіресе, біз сөз етіп отырған салада кадр саясатын ұлттың мүддесін қорғай отырып, мемлекеттік бағытта жүргізу заман талабы екенін ескергеніміз абзал.
Елбасы өзінің жүрекжарды сөздерін ең алдымен жастарға бағыштады. Рухани жаңғыру, заман талабына сай санада сілкініс туғызу -Президентіміздің ұдайы назарында ұстап келе жатқан мәселе екенін өскелең ұрпақ жете ұғынғаны абзал. Кезінде «Мәдени мұра», «Халық - тарих толқынында» бағдарламалары шеңберінде елімізде ұлан-ғайыр істер атқарылғанын жақсы білеміз. Елбасы өзінің жаңа еңбегінде осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі тереңдете түсу, өрісін барынша кеңейту, рухани жаңғыру міндетінен туындайтын сан-салалы істерге тұрлаулы сипат беру мәселесін қозғап, көптің күш-жігерімен жүзеге асырылуға тиіс нақты міндеттерді айқындап, орындау жолдарын саралап берді.