Елбасы Жолдауы ЖОО-лар алдына үлкен міндеттер жүктеп отыр - М.Стамқұлова, БҚО
Бұл туралы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің проректоры Мариям Стамқұлова мәлім етті.
Оның айтуынша, жиырма бірінші ғасырдың алғашқы он жылдығы тәуелсіз Қазақстан үшін күрделі кезең болса да, Мемлекет басшысы сауатты жүргізген экономикалық-әлеуметтік шаралардың нәтижесінде халық дағдарыстың ауыртпалығын аса сезінбеді. Ғылымды дамытуға, инновациялық дамуға тиісті дәрежеде назар аударылатыны биылғы Жолдауда нақты айтылған.
«Сонымен қатар жастар мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Биыл студенттердің шәкіртақысын 30 пайызға көтеру жөніндегі Елбасының тапсырмасын студент жастар қуанышпен қабылдады. Президенттің білім сапасын көтеру, жоғары оқу орындары даярлаған мамандар бәсекеге қабілетті болуы бағытында айтқан сөздері үнемі назарда болмақ. Осыған орай университет өз іс-жоспарларын жүзеге асыратын болады», - деді М.Стамқұлова.