Елбасы Жолдауында айтылғанындай, денсаулық сақтау басым бағыттардың бірі болып қалмақ - БҚО
Президентіміз 2013 жылға қарай бірыңғай денсаулық сақтау жүйесін нақты аяқтауды міндет етіп қойғаны белгілі. Сондай-ақ медициналық қызметтің ауылдықтарға қолжетімді болуын қамтамасыз ету жөнінде де тапсырмалар берілді. Осы орайда облыс орталығынан шалғай жатқан Қазталов ауданының медицина саласының қызметкерлері де тұрғындардың денсаулығын сақтауда бірқатар жұмыстар атқарды. Қазталов және Жалпақтал орталық ауруханалары қазіргі заманауи құрал жабдықтармен, мамандармен барынша қамтылды. Бұл туралы Елбасы Жолдауына байланысты Қазталов аудандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің басқосуында айтылды.
Ауыл әкімдері, мекеме, ұйым басшылары қатысқан кеңесте сөз алған Казталов аудандық орталық ауруханасының директоры Қайырбай Алтаев, туберкулез ауруханасының директоры Мәншүк Мәжитова, дәрігерлер Жәния Батырбек, Гүлнәр Сапахова, Әлия Хайдарова, аудандық санэпидқадағалау басқармасының бастығы Талғат Хайдаров, Қараөзен ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қабдоловтар Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерге тоқтала келіп, мына мәселелерге баса назар аударды. Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесінің талаптарына сай қазіргі күнде науқастанған адамды ауруханаға жатқызып емдеу үшін порталға енгізу қажеттігі туындап отыр. Дегенмен көптеген адамдар бойында бұл түсінік әлі қалыптасып болған жоқ. Денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан реформа мәні ауруды әбден меңдетіп алып емдеу емес, оның алдын алуда. Сонымен қатар балалармен жұмыс істейтін мекемелердегі адамдар жыл сайын дәрігерлік тексерістен өтер кезде қағазбастылық орын алып отырғаны жасырын емес. Бұл мәселелерге аса жауаптылықпен қарау қажет.
Кеңесте ана мен бала денсаулығын қорғау, мүгедектермен жұмыс және оларды оңалту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері де әңгіме болды.
Аудан әкімінің орынбасары Сәрсенбай Молдашев ауданның денсаулық сақтау саласының дамуына өзіндік үлес қосқан бір топ қызметкерлерге аудан әкімінің алғысхатын және ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап жасалған қолсағатты табыс етіп, ақ желеңді абзал жандардың еңбектеріне табыс тіледі.