Елбасы Жолдауында халықтың қамы жан-жақты қамтылған - Е.Меңешев, ардагер
Өйткені әр ел тұрғынының әл-ауқатының жақсаруы сапалы үйінің болуына, мектепке дейінгі ұл-қызының балабақшада тәрбиеленуіне, онан кейін мектепте сапалы білім алуына жағдай жасалуы осы құжаттың жүзеге асуымен тығыз байланысты. Денсаулық сақтау ісінің қалыпты болуы мен еңбекке қабілетті азаматтардың жұмыспен қамтылуы, әлжуаз топтарға әлеуметтік көмек көрсетілуінің де маңызы ерекше. Бұл туралы Қазталов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есімхан Меңешев мәлім етті.
Оның айтуынша, Жолдаудың «Әлеуметтік жаңғыру - жаңа әлеуметтік саясат» тарауында қол жеткен табыстармен қатар, алдағы онжылдықтың аяғына таман қандай межеге жететініміз анық та түсінікті берілген. Сондықтан аудан ардагерлері де Жолдауды қызу қолдап, қанағаттанарлық сезіммен қарсы алып отыр. «Әсіресе, онда атап көрсетілгеніндей, шалғайдағы тұрғындарға көмек көрсету үшін мамандандырылған «Денсаулық» емдеу-диагностикалық пойызының жұмысын жалғастыру, ауыл тұрғындарын сапалы сумен қамтудың түбегейлі шешілуіне, 2020 жылға дейін бүлдіршіндердің мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайызға қамтылатынына халқымыз үлкен үміт артады. Осы өрелі істерді онан әрі жүзеге асыруға бел байлап отырған Елбасымыз Н.Назарбаевты бүкіл халықтың қолдайтыны сөзсіз», - дейді ардагер.