Елбасыдан алғыс алған ертегіші қыздың кітабы шығады
Алтынай Қызылорда қаласында тұрады. Көпбалалы отбасындағы жеті баланың екіншісі. Әкесі қарапайым жұмысшы. Анасы бала тәрбиесімен айналысады. Ол қазір №267 мектептің 5-сыныбында оқиды.
Ол 40-қа жуық ертегінің авторы. «Ақ көжек», «Мөлдір бұлақ», «Қызыл қораз», «Түйе», «Қамқорлық» сынды туындыларымен түрлі республикалық байқауларда топ жарған. Ол қиял-ғажайыпқа толы әңгімелерді 7 жасынан бастап жазыпты. Бұдан бөлек түрлі тақырыптағы өлеңдері мен әңгімелері бар. Алтынай «Ұқпасқа айтқан сөз жетім» атты ертегісімен ең жас автор ретінде «Менің ғажайып ертегім» кітабына енген.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Алтынайға өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабын сыйға тартқан еді .
Қабылдауында болған өнерлі балғынға Қырымбек Көшербаев шығармашылық өрлеу тілеп, өз ризашылығын білдірді.
Және Алтынайдың барлық туындыларды жинақтап, ертегілер кітабын шығару өтінішіне сәйкес «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы атынан қаржылай көмек көрсетілді.