Елбасымыздың тәуелсіз қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі заңғар тұлғасы даралана түсетін болады

Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, Нұрсұлтан Әбішұлы небір қиын кезеңде халқымызға сара жол сілтей білді. Қазіргідей дағдарыс жағдайында да Мемлекет басшысының бастамасымен көптеген жарқын іс, жасампаз жобалар жүзеге асуда. Мұны Батыс Қазақстан облысынан айқын көруге болады. Облысқа биылғы сапары кезінде Елбасы агроөнеркәсіп саласына бұдан былай да қолдау көрсетіле беретінін тағы да атап айтты. Сөйтіп ауыл халқының көңілі тағы бір өсіп қалды. Бүгінгі таңда өңірде жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалардың қайырын тұрғындар көп ұзамай-ақ көретін болады. Бұл орайда облыс әкімдігі мен облыстық мәслихат бірлесіп жұмыс атқарып, жауапкершілік жүгін бірге көтеріп келеді. «Шын мәнісінде елімізді көрегендікпен басқарып, жаңашылдық танытып отырған Елбасымыздың тапсырмаларын орындау - бәріміз үшін де абырой», дейді Мәлік Құлшар.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы мен «Нұр Отан» ХДП ХІІ съезінде сөйлеген сөзін насихаттау мақсатында құрылған топтар құрамында облыстық мәслихат депутаттары да бар. Олар облыс аудандарында жиі-жиі болып, алда тұрған міндеттерді халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарына белсене араласуда.