Елбасының әр Жолдауының астарында аса үлкен мән-мағына, стратегиялық мақсат-міндеттер мен оларға жетудің әдіс-тәсілдері жатыр - М. Құл-Мұхаммед

Министр «Елбасымыз өзінің өткен жылғы барша қазақстандықтарға арнаған тарихи Жолдауында Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын тайға таңба басқандай етіп айқындап берді» дей келе Жолдаудың тарихи маңыздылығына тоқталды.
«Естеріңізде болар, Нұрсұлтан Әбішұлы ел дамуының ең қиын кезеңінде 1997 жылы қазақ қоғамын ғана емес, бүкіл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын, біздің барша стратегиялық әріптестерімізді дүр сілкіндірген өзінің алғашқы әрі тарихи Жолдауы «Қазақстан - 2030» стратегиясын жариялады. Бұл өте батыл, өте оптимистік және ешбір әсірелеусіз алысты болжаған өте көреген құжат болды. Кейін біз сияқты даму жолына түскен көптеген мемлекеттер үшін бұл стратегия мына алмағайып заманда қандай бағытқа бет алып, кімге қарап бой түзейтін бағыт-бағдар болғанын да саяси сараптамашылар әлдеқашан мойындады.
Елбасының стратегиялық жоспары рет-ретімен, кезең-кезеңімен жүзеге асып, Қазақстан-2030-да белгіленген межелер мерзімінен көп бұрын орындала бастады.
Қазақстан ғасырлар тоғысындағы қиындықтарды еркін еңсеріп, дамудың жаңа кезеңіне - жаңғыру мен жаңару кезеңіне аяқ басты.
Міне, ел дамуының ерекше кезеңінде - 2005 жылы Елбасымыз өзінің «Қазақстан - саяси, әлеуметтік және экономикалық жедел жаңару жолында» атты Жолдауын жариялады. Бұл құжат Қазақстанның Елбасы таңдаған саяси жүйесі замана сынынан сүрінбей өтіп, әбден шыңдалып, нығайғанын, Мемлекет басшысы жасаған экономикалық моделіміздің бірден бір дұрыстығын нақтылап, миллиондаған қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыратын жаңа реформаларға даңғыл жол ашты.
Келесі 2006 жылғы Жолдауды Елбасымыз еліміздің әлемдегі 50 бәсекеге қабілетті елдері қатарына қосылуының стратегиясын айқындап, барша қазақстандықтар үшін ұлттық идея ретінде қабылданған бәсекеге қабілеттілік формуласын анықтап берді.
Шындығында, ұлттық идея деген не? Бұл - Елбасымыз «соқырға таяқ ұстатқандай» көрсетіп берген бәсекеге қабілеттілік емес пе?! Мәселен, егер Сіз оқушы болсаңыз - орта білім жүйесі, студент үшін - жоғары білім сапасы, әр саланың маманы үшін - өз мамандығының шеберлігіне жету, жалпы мемлекет үшін әлем мемлекеттерінің алдында болу - бәсекеге қабілеттіліктің басты белгісі болып табылады деп білемін.
Елбасымыз өзінің бұдан кейінгі 2007 жылғы Жолдауында өткен екі жыл ішіндегі қол жеткен табыстар мен жетістіктерді қорытындылап, жаңа Қазақстанның жаңа әлемдегі орны мен алдағы мақсат-міндеттерін айқындап берді.
Міне, қарап отырсаңыз, Елбасының әр Жолдауының астарында аса үлкен мән-мағына, стратегиялық мақсат-міндеттер мен оларға жетудің әдіс-тәсілдері жатыр.
Елбасы Жолдаулары туралы аз жазылып жатқан жоқ, бірақ соның көпшілігінде терең талдаудың орнына құрғақ мақтау басым. Кең отырып кездесуге уақыт келгенде бұл тақырыпқа еркін пікір алысармыз. Енді өткен жылғы Жолдаудағы мақсат-міндеттерге тоқтала кетейін.
Егер мұқият назар аударатын болсаңыз, «Қазақстан-2050» стартегиясынан кейін «Қалыптасқан мемлекеттің жаңа стратегиялық бағыты» деп жазылған.
Иә, біз Елбасының тарихи еңбегінің арқасында біз біржолата мемлекет болып қалыптастық. Сондықтан жаңа стратегия - қалыптасқан мемлекеттің бағыты болып есептеледі.
Енді алда қандай мақсат-міндеттер тұр? Жолдауда бәрі анық, айқын көрсетілген:
-
қуатты да табысты мемлекет болуымыз керек;
-
демократияландыру үрдісін жалғастыру қажет;
-
қоғамда татулық пен келісімді берік ұстануымыз керек.
Бұл табыстарға жету оңай емес. Оны ұстап тұру одан да қиын. Алда сан түрлі қауіп-қатерлер күтіп тұр. Оны бүкіл ел, халық болып еңсеруіміз керек. Міне, осының бәрін ой елегінен, толғам тезінен өткізе келіп, Елбасымыз «Қазақстан - 2050» стратегиясын, басқаша айтқанда, күн сайын құбылып тұрған мына замандағы Қазақстан Республикасының жаңа бағытын ұсынды.
Неге жаңа бағыт? Өйткені, біз әуелгі меже - әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ендік. Еніп қана қойған жоқпыз, әлемдік даму иерархиясының жаңа биігіне өрлей бастадық. Ендігі меже - дамыған отыздық.
Бұл - еліміздің мәдениет және ақпарат саласы үшін де түпкілікті мақсат. Елбасымыз «Қазақстан - 2050» стратегиясында: «Дәстүр мен мәдениет - ұлттың генетикалық коды» дей келіп, алдымызға нақты міндеттер жүктеді. Мәдениет және ақпарат министрлігі осы стратегиялық межелерге жету үшін бар күш-жігерін жұмсайтын болады», - деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі.