Елбасының биылғы Жолдауы ғылымға шын ниетімен берілген жас ғалымдарға үлкен мүмкіндік береді-Мемлекет тарихы институтының қызметкері Е. Нәсіпұлы

АНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат - /Марлан Жиембай/ Тәуелсіздік алғанына енді ғана 20 жылдың жүзі болған Қазақстанның бүгінгі таңдағы бағындырған белестері мен жеткен жетістіктері
None
None

Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауларында жан-жақты көрініс тауып келеді. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында еліміздің ұзақ мерзімге бағытталған даму жоспарлары мен стратегиялық бағыттары толық қамтылған. Бізбен сұхбатында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті «Мемлекет тарихы институты» мемлекеттік мекемесінің ғылыми қызметкері Ерсін Нәсіпұлы осындай ой айтты.

Оның пікірінше, ішкі жалпы өнім көрсеткішінің артуы және экономиканы жеделдетіп жаңғырту саласындағы қарқынды даму Қазақстанның стратегиялық мақсаттарының орындалып жатқанын әрі орнықты даму жолында табысқа жеткенін көрсетеді. Ауыл шаруашылығы мен ішкі өнімнің жалпы құны барған сайын жоғарылау үстінде. 2014 жылға дейін жалпы құны 8,1 триллион теңгені құрайтын 294 инвестициялық жобаны іске асыру да жоспарланып отыр.

«Осыншалық қомақты қаржының бөлінуі, инновациялық жобалардың іске асуын қаржылай толық қамтамасыз етуге жеткілікті деген сөз. 20 мыңнан астам жұмыс орнының ашылуы да осы заманғы технологиялық, қолданбалы техникалық білімдерді жеттік меңгерген мамандар сұранысының артатындығын көрсетеді. Демек, мал шаруашылығы, агроөнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі, мұнай өнімдерін өңдеу саласына қажетті мамандарды даярлауға мықтап кірісуіміз керек. Қысқа мерзімді, шұғыл арада мамандар даярлайтын техникалық колледждердің рөлін барынша күшейтуге күш салу керек. Сонымен бірге, мал шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарып қана қоймай, мал өнімдерін өзімізде өндіруді жолға қоятын үздік технологияларды көптеп шеттен енгізуге ұмтылыс жасауды қолға алуды ұмытпаған абзал», - дейді ол.

Қазақстанда ең бір өзекті мәселе - кеңестік кезеңнен қалған, тозығы жеткен мешеу техниканың әлі де болса үстем болуы әрі оның өндіріс саласындағы айқын басымдылығы бірден көзге көрінетіндігін атап өткен Е.Нәсіпұлының пайымынша, бізге қаптаған шетелдік қара жұмысшылар әлеуетін емес, 10 адамның еңбегін бір адамның күшімен ғана атқаратын озық технология керек екенін танып-білетін кез келді. Экспорт пен импорттың сұранысқа сай артуына және жалпы шеттен келген тауарларға салынатын баж салығының азаюына байланысты, ішкі өнімнің айтарлықтай құлдырағанын да естен шығармаған жөн. Кеден одағының құрылуы мен оның Қазақстанның ішкі өнім өндірісінің артуына тигізер ықпалы мен әсерін де байқау қиын емес. Бәсекеге қабілетті, озық технологияларды қолданысқа енгізген, шетелдік өнімдермен сапасы жағынан да, нарықтық қатынаста да тең тұра алатын отандық өнімдерді өндіретін шағын және орта кәсіпорындардың дамуына мемлекет тарапынан қолдауды күшейте түсу бүгінгі күннің басты мәселесі.

«Президент өз Жолдауында білім мен ғылым саласына да ерекше тоқталып өтті, - дейді Е.Нәсіпұлы. Жалпы елімізде 2500-ден астам ғылым докторы, 11 мыңнан астам ғылым кандидаты бар екен. Бұл туралы Елбасы өз Жолдауында: «200 ғылыми кеңестер кандидаттармен докторларды қалыптан құйғандай етіп жасап шығарып жатыр. 60 кандидаттың 1-і және 37 доктордың 1-і ғана ғылымға барады. Осы жылдан бастап ол кеңестердің жұмысы тоқтатылады. Бұдан былай магистрлар мен PhD докторлар дайындалатын болады », - деп қадап айтқан болатын. Шындығында да атақ алу үшін жалған ғылым мен жалған диссертацияларға бой алдырғандар санының тым көбеюі алаңдатарлық жайт. Ғылымға бей-жай қарамайтындығын танытқан Мемлекет басшысы бұл саладағы кемшіліктер мен ағаттықтарға Жолдауда баса назар аударып отыр. Әрі өзінің нақтылы, шынайы, батыл ұсынысын алға қойды. Бұл ғылымға шын ниетімен берілген жас ғалымдарға үлкен мүмкіндік береді. «Ғылым туралы» заңның Парламент талқысына салынып, қабылдануы аталған салаға серпіліс әкелері сөзсіз. Нақтылы, шынайы ғылыми еңбектерге, тың зерттеу нәтижелері негізінде жазылған еңбектерге ғана ғылыми атақтардың берілетіндігі көңіл қуантарлық жағдай.

Ғылым саласында жаратылыстану мен қоғамдық пәндер бойынша кандидаттық және докторлық қорғағандардың арасында бірін-бірі қайталаулармен қоса жалған ғылымның бар екендігін Тұрсын Жұртбай қазақ газеттеріне берген сұхбаттарының бірінде: «Қазір жалған ғылымға бой үйретту емес, жалған ғылымды зерттеу басталды. Ол жалған ғылым қашанға дейін созылады? Бір күні беті ашылып, түкке жарамсыз боп шығады ғой. Сонда шын ғылым ілгері кетеді, біз адасып айдалада қаламыз. Жалған ғылым мен шын ғылымның арасының қаншалықты алшақ екенін сонда білеміз. Өкінішке орай, мынау жаратылыстану ғылымы - нақты ғылым ғой, соның өзі жалған, саясиланған бағыт ұстанып кетті. Қаптаған академик дүниенің сырын түсіндіріп бере алмайды. Қаптаған заң ғылымының докторы заңның бір бабын түсіндіріп бере алмайды», - деген болатын.

Е.Нәсіпұлы айтуынша, Елбасының Жолдауда кәсіптік-техникалық кадрлар дайындау жөнінде ұлттық кеңес құру керек деп баса айтуы қаптаған ғылыми кеңестерден гөрі, орта-шағын кәсіпорындарға қажетті мамандарды техникалық жақтан дайындауға, жетілдіруге тамаша мүмкіндік бермек. Мектепке дейін, орта және университеттік білім беру саласына да Президент ерекше көңіл бөлді. Білім берудің барлық саласы бойынша кешенді жоспарлары мен санды мәліметтерін нақтылы көрсетіп берді. Мемлекеттің барлық күш-жігерін осы салаға жұмылдырып, тың әрі қомақы нәтижелерге қол жеткізуді талап етті. Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс деп баса дәріптеді. «Жалпы ел Президентінің халыққа Жолдауында, Мемлекеттің ішкі-сырты мен қоғамның барлық түйткілді, өзекті мәселелері толықтай қамтылып, Мемлекеттің кемел келешегі мен дамуына, жарқын болашағына бағыт сілтеді. Еліміздің ұзақ сонар даму бағытын айқындап берді», - деп түйіндеді ойын ол.

Соңғы жаңалықтар