Елбасының еліміздің биік мүдделерін басшылыққа ала отырып қабылдаған шешімі – тағдырлы шешім
Осылайша, өткен жылдың желтоқсан айынан бері қоғам арасында тың серпіліс тудырып, сан-түрлі ой-пікірдің алаңына айналған референдум өткізу бастамасына соңғы нүкте қойылды. «Бүгін, 2011 жылғы 31 қаңтар күні Конституциялық Кеңес Ата Заңымызға Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өкілеттігін республикалық референдум арқылы ұзартуды қарастыратын өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңның құқықтық тағдыры туралы шешімін шығарды. Парламент депутаттары бұл заңды референдумды қолдау жөніндегі үндеуге қолдарын қойған бес миллионнан астам қазақстандықтың қалауын басшылыққа ала отырып қабылдаған болатын. Бұл бастаманы мен өз Жарлығыммен қабылдамай тастадым. Алайда, Парламент конституциялық құқығын пайдаланып, аталған заңды қабылдады. Конституциялық Кеңес Парламент қабылдаған шешімді қарап, Заңды Конституцияға сәйкес келмейді деп мойындады», - деді Елбасы халыққа арнаған Үндеуінде.
Конституциялық Кеңес осы мәселеде республикалық референдум өткізу мүмкіндігін жоққа шығармайтындығын атап өткен Президент бұл қабылданған шешіммен келісетіндігін де баса айтты. Дегенмен қалыптасып отырған күрделі саяси ахуалға орай әрі Мемлекет басшысы ретінде тарихи жауапкершіліктiң бар жүгін мойнына алған Елбасы референдумның тағдыры туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Осы орайда Н.Назарбаев бүкілхалықтық сенім білдіргені үшін барша қазақстандықтарға шынайы ризашылығын білдіріп, бастамашы топқа, депутаттарға және «Қазақстан-2020» демократиялық күштердің бүкілхалықтық коалициясына алғыс айтты. «Бастамашы топтың осы ұсыныс арқылы Елбасы өкілеттігін 10 жылға ұзарту ғана емес, еліміздің өркендеуі және қоғамдық тұрақтылықты нығайту бағытындағы іргелі істерді жалғастыруды көздегеніне сенемін. Бір жағынан, мен сайлаушылардың басым көпшілігін құрайтын бүкілхалықтық бастаманы кері қайтара алмаймын. Мәселенің екінші қыры, мен Елбасы және Конституцияның кепілі ретінде болашақ саясаткерлерге жаңылыс бағыт сілтейтін іске жол бере алмаймын. Сондықтан, мені халық дұрыс түсінеді деп сенемін. Біз бұл жайтты жай «қабылдау немесе бас тарту» ретінде емес, өмірдің өзі ұсынған демократияның тарихи тағылымы деп қабылдағанымыз жөн. Бұл - Елбасы мен халықтың Ата Заңға адалдығын бағамдайтын тағылымды дәріс. Демократиялық жолмен сайланған Тұңғыш Президент ретінде еліміздің биік мүдделерін басшылыққа ала отырып, мен референдум өткізбеу туралы шешім қабылдадым. Жұртшылықты бөлетін «референдум әлде сайлау» деген таңдаудың орнына мен халқымыздың еркі мен демократиялық қағидаттарға адалдығын ескеретін және бізді біріктіретін жолды ұсынамын. Мен өкілеттігімнің екі жылға қысқаратынына қарамастан, мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс енгіземін. Тиісті Заң Парламентке ұсынылады», - деді Президент.
Осылайша сейсенбі күні Парламентке тиісті заң жобасы түсті. 1 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір Конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын өндіріске алды. Ал 3 ақпанда Төменгі палата депутаттары «ҚР кейбір Конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңының жобасын мақұлдап, оны Санатқа жіберген болатын. Сол күні түс ауа Сенат Қазақстанда мерзімінен бұрын Президенттік сайлау өткізуді қарастыратын аталмыш заңды қабылдап, қол қою үшін Президентке жіберді. Кешқұрым Мемлекет басшысы Қазақстанда кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу мүмкіндігін белгілейтін конституциялық Заңға қол қойғандығы туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ал бүгін республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2011 жылдың 3 сәуіріне тағайындау туралы Жарлығы шықты. Түстен кейін Орталық сайлау комиссиясы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін жинап, мәжіліс өткізді. Оның барысында 2011 жылғы 3 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілгені мәлім болды. ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов кезектен тыс президенттік сайлауға кандидаттарды ұсыну 2011 жылдың 5 ақпанынан басталып, 20 ақпанда аяқталатынын мәлімдеді.
Жер қойнауы байлығын игеруде Қазақ мемлекетінің мүддесі барынша қорғалуы керек
Осы аптада Мұнай және газ министрлігінің алқа мәжілісіне жиналған бағынышты мекемелер өткен жылғы жетістіктерін жеткізіп, ағымдағы жылғы жоспарларымен бөлісті. Алқалы жиынның екінші бөліміне қатысқан Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов аталған ведомствоға Қазақстан тарпының қатысуымен қолға алынып жатқан ірі мұнай жобаларында еліміздің мүддесі барынша қорғалуы керектігін тапсырды. «Министрлік реттеуші ведомство, ал «ҚазМұнайГаз» компаниясы акционер ретінде Қазақстан қатысып отырған барлық ірі кәсіпорындарда, яғни ТШО, Қашаған, Қарашығанақ аясындағы жобаларды іске асыруда мемлекеттің мүддесін барынша сақтап қалуы тиіс», - деді К. Мәсімов. Сонымен қатар Үкімет басшысы Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуына байланысты мұнай өнімдерін экспорттау және ішкі нарыққа жеткізуді бейімдеу әрі реттеу мәселеріне де баса назар аудару қажеттігін баса айтты. Бұл орайда Үкімет басшысы министрге халық қалаулыларының алдында БЭК-ке кіру барысындағы оң және теріс жайттарға қатысты толымды жауап бере алу үшін жан-жақты дайын болып, осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды жүктеді.
Айтпақшы, Бірыңғай экономикалық кеңістік демекші, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ өкілінің сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта Кедендік одақтастарымыз Ресей мен Беларус елі мұнай өңдейтін зауыттарын «Еуро-5» стандартына көшіру үрдісін бастап та кеткен. Енді олар өз аумақтарында аталған стандартқа сәйкес келмейтін матор майларына нарық есігін тарс жаппақ. Ал еліміздің жаңарту бағдарламасында көзделген зауыттарды жаңарту нәтижесі «Еуро-4-тен» аспай тұр. Демек, Мұнай және газ министрлігі зауыттарды жаңартудың соңғы кезеңінде «Еуро-5» стандартына көшу мүмкіндігін қарастыруы керек. «Бұл біздің ресейлік және беларустық зауыттармен бәсекелес болуымыз үшін қажет», - дейді Д.Тиесов.
Дамудың локомотивті - жеке сектор
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің алқа мәжілісінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов жиынға қатысуға арнайы келген облыс басшыларының орынбасарларын орындарынан тұрғызды. Онда азық-түлік бағасы бойынша облыс әкімдіктерінің атқарған шаралары қатаң бақылауда болатынын баса айта келе, бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыруды жүктеді. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы зор азық-түліктің кей өңірде бірқалыпты, ал кей облыстарда қымбатшылыққа ұрынып отырғанын сынға ала келе: «Мен осы мәселеге қатысты шараларды қатаң бақылаймын. Бұл бағытта атқарылатын шаралар бойынша дайындалыңыздар», - деді. К. Мәсімов алдағы сенбі күні өтетін Үкіметтің селекторлық кеңесінде бұл мәселе тыңғылықты пысықталатынын жеткізді.
Жалпы министрліктің өткен жылғы атқарған жұмыстарына оң бағасын берген К.Мәсімовтің пайымынша, дамудың негізгі локомотиві жеке сектор болуы шарт. Осыған орай ол дағдарыс кезінде атқарылған жұмыстардың негізгі үлесі мемлекеттік ресурстарға жүктелгенін, ендігі кезекте жеке секторды дамытуға баса назар аударылуы керектігін айтты.
Осы министрліктің алқа мәжілісінде баяндама жасаған «ҚазАтомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Владимир Школьниктің атап өтуінше, ағымдағы жылы елімізде 19600 тонна уран өндіру жоспарланып отыр. Оның ішіндегі компания үлесі 11 мың тоннадан астам уранды құрайды. Ал негізінен өткен жылы 17803 тонна уран өндіруге қол жеткізіптік. Сонымен қатар өткен жылдың қорытындысына сәйкес, жалпы еліміздің өнеркәсіптік өндіріс көлемі 11,8 трлн. теңгені құраған. «Тау-кен өндірісі өсімі 2009 жылмен салыстырғанда 5,3 пайыз, өңдеуші өнеркәсіп өсімі 18,4 пайызды құрады. Өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 11,7 пайызға артты», - деді министр Әсет Исекешев.
Кедендік және салықтық әкімшілеуді жетілдіру туралы жоспар әзірлеуді жүктелді
Ал Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов ведомство басшысы Болат Жәмішевке Кеден одағы мен мемлекеттік сатып алулар мәселесі бойынша блогқа келіп түскен сауалдарды тыңғылықты қарастырып, нақты жауап беруді міндеттеді. Сондай-ақ Премьер-Министр ағымдағы жылғы Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауы аясындағы міндеттер бойынша жұмыстарды сапалы әрі тез арада атқару керектігін тапсырып, кедендік және салықтық әкімшілеуді жетілдіру туралы жоспар әзірлеуді жүктеді. Әлі күнге дейін Мемлекет басшысының атына кәсіпкерлер тарапынан көптеген сауалдар түсіп, бірқатар мәселелердің көтеріліп отырғандығын баса айтқан К.Мәсімов: «Біз айтқанымызбен әкімшілеу бойынша мәселелер әлі де өте көп. Сондықтан 1 айдың ішінде Кедендік және салықтық әкімшілеуді жетілдіру туралы жоспар әзірлеуге уағдаласайық», - деді.
Сонымен қатар Үкімет басшысы жалпы декларациялаудан өткізу жоспарының тұжырымдасын Үкімет қабылдағанын әрі министрлік онда нақты міндеттермен мерзімі көрсетілген іс-шаралар жоспарының болуы себебінен бұдан ары созбауы керектігін баса айтты. Қаржы министрінің атап өтуінше, өткен жылы ел бюджетіне 4 388,8 млрд. теңге құйылған, бұл жоспарлы көрсеткіштен 105,7 пайызға артық. Республикалық бюджет түсімі 3 729,2 млрд. теңгені құрап отыр. Ал мемлекеттік бюджеттің шығыстары 4 934,1 млрд. теңгеге, республикалық бюджет шығыстары 4 284 млрд. теңгеге орындалған. Игерілмей қалған қаржы көлемі де әжептәуір, 37,5 млрд теңгеге жетіп жығылады. Дегенмен бұл көрсеткіш 2009 жылмен салыстырғанда 22, 6 млрд. теңгеге төмен. Оның ішінде 14 млрд. теңге мемлекеттік сатып алулар нәтижелері бойынша үнемдеу немесе бөлінетін бюджеттік бағдарламалар қаражатының бөлінбеген қалдығы есебінен қалыптасқан.
Жаңа бағдарлама 1,5 миллионға дейін қазақстандықты қамтымақ
Еңбекпен қамтудың жаңа бағдарламасы аясында атқарылатын шаралар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үшін 2011 жылдағы маңызды мәселе болмақ. Бұл туралы аталған ведомствоның алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлімдеді. Оның айтуынша, жұмыспен қамтудың бағдарламасы аясында ел азаматтары тиісті біліктілік дайындықтарынан өтіп, индустриялдық-инновациялық бағдарламаға мейлінше жан-жақты қатысу мүмкіндігіне қол жеткізуі қажет. «Елбасы Жолдауында еңбекпен қамтудың жаңа бағдарламасын даярлауға байланысты нақты тапсырмалар берді. Бұл өте маңызды мәселе. Меніңше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үшін 2011 жылдағы маңызды мәселе болып табылады", - деді К.Мәсімов.
Оның атап өтуінше, Үкімет экономикалық әлеуеті төмен аудандардан экономикалық белсенді орталықтарға көшуге ниетті адамдар үшін жағдай жасауға мүдделік танытып отыр. Бірінші кезекте аталған бағдарламаға қатысушылар үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысы қарастырылмақ әрі ол үйлердің бағасы қымбат болмауы керек. Жалпы бұл құжат таяу 5 жылда 1,5 миллионға дейін қазақстандықты қамтуы әрі оның барлық бағыттарын жүзеге асыру аясында өздігінше жұмыспен қамтылған халықтың мәселесін түбегейлі шешуге үлес қосуы тиіс. Алқа мәжісінде негізгі баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіқалықованың атап өтуінше, еңбекке тартылған халық құрылымында өздігінше жұмыспен қамтылғандар үлесі мол. Өткен жылдың соңында олардың саны 2,7 миллион адамды құрады, оның 1,3 миллионы өз кәсібімен айналысады, сонымен қатар аталған отбасылардың табыстары тұрақсыз әрі жоғары емес, сондай-ақ олардың біразы әлеуметтік жағынан қорғалмаған да.
Еліміз ДСҰ-ға 2012 жылдың бірінші жартысында кірмек
Ал Экономикалық даму және сауда министрлігінің алқа мәжілісінде ведомствоның жұмысына оң бағасын берген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов әкімшілік реформалаудың 2011 жылға арналған жоспарын әзірлеуді тапсырды. «Дағдарыс кезінде экономиканы қолмен басқару тиімділігін көрсетті. Атап айтқанда, бұл әдіс сол кезде тұрған мақсаттарды шешуге қауқарлы болды. Алайда дағдарыстан кейінгі кезеңде әкімшілік реформаны жалғастыру қажетті іс-қимылдар болып табылады», - деді К. Мәсімов.
Өткен жылы ведомствоның атқарған жұмыстарына егжей-тегжейлі тоқталып өткен Ж. Айтжанованың айтуынша, министрліктің ағымдағы жылғы басты міндеттері Мемлекет басшысының жүктеген міндеттерін, оның ішінде ағымдағы жылғы Жолдауда қамтылған тапсырмаларын жүзеге асыру, сондай-ақ Үкімет басшысы тарапынан алға қойылған міндеттерді орындау болып табылады. «Бұл ретте макроэкономикалық сараптама және болжауларға келетін болсақ, 2011 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімінің нақты өсім деңгейі 5 пайызға болжанады. Көрсеткішке қол жеткізу үшін әлемдік экономикалық дамудың көмескілігі аясында әлі де сақталып тұрған тәуекелдерді ескере отырып, макроэкономикалық тәуекелдермен жұмыс жандана түседі», - деді министр. Сондай-ақ ол еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында кіруі мүмкін екендігін атап өтті.