19:09, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
Елбасының қамқорлығына ризамыз - егіз нәрестелі болған жас ана пікірі
АҚТАУ. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - «Нәрестелі болғанда берілетін мемлекеттік жәрдемақыны жылы қабылдаған ел оны «құндақақы» деп атап кеткені белгілі.

Өмірге келіп бір қуантқан сәбиіңнің мемлекет қамқорлығына бөленіп, несібесімен туылғаны кім-кімнің де көңіліне медет екен. Осындай бастама көтеріп, халыққа демографиялық қозғау салған Елбасының қамқорлығына ризамыз», дейді қаңтардың басында егіз нәрестелі болған жас ана А.Нұрмағанбетова. «Кішкентайлы болып, аз-кем бойымды жинағаннан кейін құндақақы алуға құжаттарымды түгендей бастаған едім. БАҚ арқылы биыл әлеуметтік базалық көрсеткіштердің өсіп жатқандығын естідім. Зейнетақы, шәкіртақылар көбейтілуде екен. Сонымен қоса құндақақы мөлшері де өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға арттырылыпты. Бұл да болса біз үшін үлкен көмек. Өзім сияқты барша жас аналардың атынан Мемлекет басшысына алғысымды айтқым келеді. Өмірге бөбегі келіп, бесік тойын тойлап жатқан отбасылардың қуаныштарын құндақақының жұп етіп отырғаны сөзсіз», дейді ол. Облыстық перзентханада қаңтар айының алғашқы он күнінде 251 бала дүниеге келіпті. Жыл басында шілдехана жасаған бұл отбасылар биылдан бастап көлемі артқан, бала 1 жасқа жеткенше берілетін жәрдемақыдан өз үлестерін алмақ.