Елбасының қатысуымен өтетін телекөпір барысында ИИДМБ бірқатар жаңа жобалары іске қосылады

Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Инвестициялар және даму министрлігінің ресми өкілі Қайсар Жұмабайұлы мәлім етті.
«1 шілдеде Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жұмыс кеңесі өтеді. Онда индустрияландыру бағдарламасының ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы қорытындылары қаралады. Шара барысында индустрияландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асырудың жаңа қадамдары таныстырылады. Бұнда бірқатар түзетулер күтіліп отыр», - деді ресми өкіл.
Оның айтуынша, Елбасының қатысуымен өтетін телекөпір барысында бірінші жартыжылдықтың негізгі жобалары іске қосылады. Атап айтқанда, осы кезеңде жалпы құны 175,5 млрд теңгені құрайтын 30 жаңа жобаны жүзеге асыру күтіледі.
Қ. Жұмабайұлының айтуынша, бұл негізінен инвесторлардың өздерінің қаражатына, сонымен қатар, екінші деңгейлі банктерден тартылған қаражаттарға салынып жатқан жобалар болып отыр.
«Бұл кәсіпорындарда 4 мыңға тарта жұмыс орындары құрылады. Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібі, химия, жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, машина жасау, агроөнеркәсіп кешені саласындағы жобалар қамтылады. Телекөпір аясында сонымен қатар, индустрияландыру бағдарламасының шарапатымен ашылған зауыт өнімдерінің көрмесі өтеді», - деді Қ. Жұмабайұлы.