Елбасының қатысуымен өткен телекөпір барысында 68 жаңа өндіріс орны таныстырылды

Телекөпір барысында Қазақстанның барлық өңірлерінің әкімдері Президентке еліміздің жеделдетілген индустриалдық-инновациялық дамуының бес жылдық бағдарламасының аясында іске асырылған жобалардың іске қосылуы туралы баяндады, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
Жамбыл облысындағы Мыңаралдағы цемент зауыты өндірісінің іске қосылу рәсімі өтті. Балқаш ЖЭС құрылысы іске қосылды. Маңғыстау облысындағы Баутино айлағындағы кеме жөндеу зауытының тұсаукесері өтті. «Ақтөберентген» АҚ «Дженерал электрик» компаниясымен бірлесіп шығарған алғашқы қазақстандық компьютерлік томограф көрсетілді.
Телекөпір барысында жалпы құны 381 миллиард теңгені құрайтын 72 инвестициялық жобаның тұсаукесері болып өтті. 68 объекті - жаңа өндіріс орны.
Өңірлермен интерактивтік байланысты қорытындылай келе, Президент қазақстандықтар елімізді жаңғыртудың орасан бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскенін атап өтті. Осының нәтижесінде 2020 жылға қарай экономика 150 пайызға артады. Өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 1,8 есе ұлғаяды, ал ауыл шаруашылығы екі есеге дейін артады.
- Бұл біздің тек табиғи ресурстарға сеніп қалмай, баламалы экономиканы, жаңа индустрияны құрып отырғанымызды білдіреді. Қазақстан ешуақытта өз тарихында алдына мұндай міндеттер қойып көрген жоқ және ешуақытта оны іске асыра алған жоқ. Сондықтан мен Қазақстанның басшылығы атынан облыстардың, қалалар мен аудандардың барлық әкімдерін, барлық еңбекшілерді, инженерлік-техникалық құрамды, құрылысшыларды осы міндеттің жүзеге асырылуымен шын жүректен құттықтаймын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент Қазақстанның барлық аумағы - құрылыс алаңы екенін атап өтті. Әлемде дағдарыс салдарынан кәсіпорындар тоқтап, банкротқа ұшырап, адамдар жұмыссыз қалып жатқанда, Қазақстан заманауи өндіріс орындарын іске қосып, жаңа жұмыс орындарын ашып жатқанын атап өтті.
- Міне, біздің таңдаған стратегиямыз осындай, - деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы жаңа жобалардың жүзеге асқанын қадағалап отыратынын және бұл жобаларды іске асыру барысы туралы Үкімет мүшелері мен өңірлердің әкімдерін жылына екі рет тыңдайтындығын атап өтті.
- Мен барлық қазақстандықтарды, әсіресе жастарды, Қазақстанды жаңа индустриалдық-инновациялық экономикалық мемлекетке айналдыру жолындағы орасан міндетті жүзеге асыруда күш-жігерлерін жұмылдыруға шақырамын. Бұл Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енуі үшін қажет, - деді Президент.