Елбасының шағын кәсіпкерліктің үлесін ұлғайту туралы ойы халықтың көңілінен шықты - Мырзакелді Кемел

АСТАНА. ҚазАқпарат - Экономика ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Мырзакелді Кемел әрдайымда баспасөз бетінде елдің дамуы, қоғамдағы көкейкесті мәселелер туралы өз ойын білдіріп отырады. Осы жолы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын жаңа бағыттар жайлы және тәуелсіз мемлекетіміздің бүгіні мен келешегі жөнінде пікірімен бөлісті.
None
None

- Мырзакелді аға, халық қашанда алдағы күнге сеніммен қарайтыны анық. Еліміз ширек ғасыр кезеңді артқа тастап, тағы бір белеске қарай алға басып отыр. 2017 жылы елімізде саяси, экономикалық-әлеуметтік, мәдени салада қандай табыстарға қол жеткізуі мүмкін? Осы жағына тоқталып өтсеңіз?

- Өмір бір орнында тұрмайды. Ел де, оның экономикасы да алға қарай дами береді. 2017 жыл мұнай мен өзге де жерасты байлықтарының толассыз тасқынынан бас айналудан тежеліп, бағыт-бағдарымызды елеп-екшеп, алға қарай жүйелі жылжуға түпкілікті көшу жылы болады. Бірден сонау 2001-2007 жылдарғыдай жалпы ішкі өніміміз жылына 7 пайызға жетудің ауылы алыс, бірақ ес жию кезеңі болады.

- Қазақ елінің болашағы туралы ойларыңызбен бөліссеңіз?

- Менің ойымша, Қазақ елінің болашағы жарқын болады. Ол үшін барлық негіз бар. Табиғи байлықтары да жеткілікті. Барлық салаға білікті мамандар қажет. Сонда ғана еңбек өнімділігі артады.

- Қазақстан Президенті халыққа арнаған жаңа Жолдауында ел дамуының алдағы кезеңінде атқарылуға тиісті бағыттарды айқын көрсетіп берді. Осы Жолдаудың басты ерекшелігіне тоқталсаңыз? 

- Елбасының биылғы Жолдауының ең бірінші ерекшелігі ретінде жаңа экономикалық кезеңге бағдар беретін басты құжат екендігін атап өтер едім. Өйткені еліміз тәуелсіздік алған тұста, бір рет сілкініс жасаған болсақ, жаңа ғасырға аяқ басар кезімізде, яғни, 1997 жылы «Қазақстан - 2030» стратегиялық жоспарын жария ету арқылы және елдің астанасын Сарыарқа төсіне көшірудің нәтижесінде барлық өңірге тың серпін беріп, тағы бір жаңғыру жолын бастаған едік. Қазір енді жаһандық бәсекеге қабілетті бола отырып, үшінші жаңғырту кезеңіне өткелі тұрмыз. Тәуелсіз еліміз ширек ғасырлық уақыт ішінде өз мемлекеттігін нығайтты, экономикасы да әртүрлі дағдарыстарға, қиын кезеңдерге төтеп бере алатынын көрсетті.

Мемлекет басшысының бастамасы бойынша енді алдағы межеміз - осы ХХІ ғасырдың орта тұсына қарай дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Елбасы жаңа Жолдауында сол мақсатымызға жетудің жолдарын ұсынды.

Бірінші басымдық ретінде экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына тоқтала келіп, цифрлық технологияны қолдануға көшетін кезең келгенін алға тартқаны өте орынды мәселе. Сол арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуіміз қажет. Соған байланысты Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеу және қабылдау жөнінде тапсырма бергенін көріп отырмыз.

Президент еңбек өнімділігін арттырудың маңыздылығын үнемі айтып келеді. Осы жолы да тоқталып өткен екен. Шынымен де бізде еңбек өнімділігі төмен. Ол көрсеткіш жеткен жетістігімізге байланысты. Мысалы, бидай жақсы шығып, мол өнім алатын болсақ, еңбек өнімділігі артқан сияқты көрінеді. Астықтың мол жиналуы, бірінші кезекте, көктемнің соңында жауын-шашынның көп болуына, бидайдың шығымдылығының арта түскеніне қатысты болатыны сөзсіз. Ал шын мәнінде еңбек өнімділігі адамның нақты жұмысына тікелей байланысты болмақ.

- Жолдаудағы басты бағыттың бірі деп қай саланы атар едіңіз?

- Елбасы аграрлық саланы дамытуға баса көңіл аудару қажеттілігіне тоқталғанын жеке айтар едім. Ауыл шаруашылығы экономикаға жаңа серпін беретін салаға айналуы тиіс екендігін ескертіп отыр. Өйткені жерден жинаған байлығымызды шикізат түрінде емес, дайын өнім ретінде экспортқа шығарудың жолын қарастыратын кез келгені анық. Мысалы, Өзбекстан мен Иран бізден бидай алып, оны ұн етіп тартып, дайын өнім шығарып, басқа елдерге бірнеше есе бағаға сатады. Яғни, бізге тағам өнімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлетін кез жетті. Барлық шикізатымыздан дайын өнім шығару өте қиын, оны ұқсатып сату онан да қиын, бірақ біз осылай жасауға көшетін боламыз.

Сонымен қатар Елбасы Жолдауда жерді пайдалану тиімділігін арттыру үшін суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40 пайызға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет екенін алға тартып отыр. Біздің елде суармалы егістің көлемін ұлғайту арқылы ауыл шаруашылығының мол өнімін алуға мүмкіндік туар еді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40 пайызға көбейту жөнінде тапсырма берді. Мұны шешудің жолдарын ғылыми негізде қарастыру керек. Осы тұста қайта өңдеу саласына іргелі бетбұрыс жасалатыны ескертілген. Бұл жерде Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігіне үлкен міндеттер жүктеліп отыр.

- Президенттің қай бастамасы Сіздің ойыңызды дөп басты? Өте орынды көтерілді деп бір мәселені жеке-дара айта аласыз ба?

- Осы бастама орындалса екен деп тілеген елдің ойынан шыққан мәселенің бірі - Елбасының шағын кәсіпкерліктің үлесін ұлғайту туралы ойы. Біздің елдегі тіркеуде тұрған кәсіпорындардың 85 пайызы шағын бизнеспен айналысады. Бірақ олардың беретін өнімінің үлесі - 19 пайыз ғана. Бұл өте төмен көрсеткіш. Осыны Президент 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу туралы міндет қойып отыр. Жыл сайын 1 пайызға өсіріп отырсақ, сол межеге жетер едік. Алайда, әр жылда бір пайызға арттырып отырудың өзі оңай емес.

- Биылдан бастап елімізде жаңа экономикалық серпін болатыны байқала ма?

- Серпін сөзсіз басталады. Жолдауда айқындалған бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар тыңғылықты жүргізілсе, Парламентке, Үкіметке, басқа да мемлекеттік органдарға және әкімдерге берілген тапсырмалар дер кезінде орындалса, тәуелсіз мемлекетіміз Елбасы көздеген межеден көрінеді деп сенемін. Мақсат айқын, енді нақты іс керек.

- Халықтың көңіл-күйіне қатысты бір-екі сұрақ қойсам деп едім. Бүгінгі таңда үлкен спортта жүрген азаматтарға жақсы қолдау жасалып жатыр. Оларға халықтың ықыласы да ерекше. Дегенмен дарынды адамдардың қатары тек қана спортшылардан тұрмайтыны белгілі. Бір кәсіби суретші ағамыз: «Біз зейнетақыға әрең күнімізді көріп отырмыз, ал спортшылар мен әншілер елдің еркесіне айналған ба?»- деген еді. Өнер мен мәдениет саласына қолдау көрсету жағы жеткілікті деп ойлайсыз ба?

- «Коммунизмдегі солшылдықтың балалық ауруы» деген сияқты солшылдық кеселін әлі де басымыздан кешіп жатырмыз. «Заманына қарай адамы» деген. Ән өзгерді, той өзгерді, адамдар да өзгерді. Қазір адамдар диірмендегі атты босатып қоя бергендей күй кешіп жүр. Ақша табудың жеңіл жолдары табылуы да отқа май құйғандай әсер етуде. Еркіндікті бетімен кету деп ойлайтындар бар, қымбатымызды арзанға айырбастап бара жатқан жоқпыз ба, осы?! Бұл терең ойланатын мәселе.

Ал енді спортшылар бөлек әңгіме. Оларға кеткен ақшаға қызғаныш жасамауға тиіспіз. Онсыз биік жетістікке жету қиын. Спортшыларымыз үлкен табыстарға жетсе, елдің мерейі өседі. Сондай-ақ өскелең ұрпақ та солардай болуға талпынады, ел ішінде спортшы болуға тырысатындар көбейеді.

Әрине, өнер мен мәдениеттің көшін алға сүйреп жүрген жастарға да, қайраткерлерге де мемлекет тарапынан қолдау жасалғаны дұрыс.

- Сізді қандай ойлар мазалап жүр? Айтсам деген пікіріңізді ортаға салсаңыз?

- Біріншіден, көрсеткіштеріміз мақтанышымызға лайық келе бермейді. Барлық жағынан іріп, сетінеп тұрған жұмыстың оң жағын ғана айтып, дәріптей беруге әуестеніп барамыз.

Екіншіден, маған салса, алдымен мұғалімнің айлығын екі есе көтерер едім. Сөйтіп, оларды аттестаттап, шын ұстаздарды ғана қалдырып, 40 жылдан бері бір нәрсені қайталап жүргендерден саланы арылтар едім.

Үшіншіден, әлемдік стандартта адамның бір күніне жұмсайтын шығыны 1 доллардан кем болса, онда ол адам кедей саналады. Бізде бір доллар - 317 теңге шамасында десек, кедейлік деңгейі 309 теңге, бұл салыстыру кедейлік категориясындағы адамдардың өте көп екенін көрсетіп тұр. Бұл көрсеткіш АҚШ-та - 15 доллар, Ресейде - 4,23 доллар.

Төртіншіден, біздің ауылға қатысты статистикада жалғандық бар. Айталық, ауыл шаруашылығы өнімін көрсетуде сәйкес келмей жататын кездері болады. Сол секілді әр адамда осынша мал бар, осынша төл алды деген болжамнан жасалған деректер дәйекті болмайды. Осыны естен шығармағанымыз жөн. Бұл саланы түбегейлі ретке келтіріп алғанымыз абзал.

- Толғақты ойларыңызды ортаға салғаныңызға рақмет.

Соңғы жаңалықтар