Елбасының сыйлығы мен үшін үлкен қуаныш болды - В.Харлашина, БҚО (ФОТО)

Өзінің айтуынша, желтоқсан айының басында барлық жақсы тілектерін келтіріп, Аяз атаға хат жазған. «Мен онда дүние жүзіндегі барша балаларға бейбітшілік пен бақыт тіледім. Өзім сурет салумен айналысатындықтан, бояу, кітап сияқты құралдардың керектігін жазған едім. Осы тілегімді Елбасының өзі орындағанына ризашылығым шексіз», - дейді Виктория. Кішкентай Вика өзінің тату-тәтті отбасында тәрбиеленіп жатқанын, қазіргі кезде Саратов қаласындағы В.Разумовский атындағы мемлекеттік медицина университетінде оқып жатқан ағасы Сергейді сағынып жүргенін жеткізді. Әкесі Дмитрий Харлашин «Оптика ВиД» ЖШС директоры болса, анасы Лариса сонда кеңесші болып еңбек етеді.
«Қызымыздың сабағы жақсы. Тек орыс тілі мен қазақ тілінен ғана «төрт», қалған сабақтарының бәрін «беске» оқиды. Соған қоса сурет салады, тоқумен айналысады, би билеп, фортепианода ойнайды. Жан-жақты болып өсіп келеді. Президентіміздің қызымыздың хатын алып, оған «Doh Vinci» жиынтығы мен жас суретшілер энциклопедиясын тарту еткеніне қуанып жатырмыз. Бұл қызымызға ерекше шабыт сыйлайтын болды», - деді Лариса Харлашина.