Елбасының тапсырмасы бойынша Астана әкімі ҰОС-ның бір топ ардагері мен тыл еңбеккерлеріне мемлекеттік наградаларды табыс етті

АСТАНА. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Елбасының тапсырмасы бойынша, Ұлы Отан соғысының елордалық ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде табыс етті.
None
None

Астана әкімі, мемлекетке сіңірген еңбегі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін және 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына орай, бір топ ардагерге «Құрмет орденін» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарын табыс етті.

Сондай-ақ Отан үшін от кешкен қариялардың тағы бірқатары Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Ардагерлерді алдағы мерекемен құттықтаған И.Тасмағамбетов: «Ұлы Жеңіс біз үшін қашан да киелі ұғым. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің таңы сіздердің алып берген жеңістеріңіздің арқасында десек артық болмайды. Бүгінде тәуелсіздігіміз табанды, егемендігіміздің баянды болуына да сіздердің қосып жатқан үлестеріңіз бар. Бұл орайдағы Елбасы Н.Назарбаевтың ардагерлерге деген үлкен құрметі мен ыстық ықыласын жақсы білесіздер. Осы Ұлы мерекенің қарсаңында өзінің Жарлығымен бір топ астаналық ардагерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттау жөнінде өзінің шешімін қабылдады», - деп атап өтті ол.

Қала басшысының айтуынша, өткен жылы Астана қаласында баспана кезегінде тұрған ардагерлердің барлығына пәтер кілттері берілді. Бірақ ішкі көші-қон есебінен елордаға келіп жатқан ардагерлер бұл тізімді қайта жасақтауда. «Олардың елордаға келуіне біз тек қуанамыз және олардың ешбірі баспанасыз қалмайды», - деді ол. Биыл 2009-2010 жылдар аралығында үй кезегіне тұрған барлық 56 ардагерге пәтер кілттері берілмек.

Өз кезегінде ардагерлер қауымының ортақ алғысын жеткізген Василий Муренцов: «Біз мемлекет пен оның Президенті Н.Назарбаевтың ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне деген ілтипатын тағы бір сезіндік. Сол үшін үлкен алғысымызды білдіреміз. Біз өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу үшін қазір де өз үлестерімізді қосып жатырмыз. Көзіміздің тірісінде оларға соғыстың не екендігін, отандастарымыздың қан майдандағы ерлігін баяндаудамыз», - деді.

Сейілбек Усин болса, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жеткен жетістігіне, оның халықаралық деңгейде мойындалып жатқанына көздерінің куә болып отырғанына қуанышты екендіктерін айтып, биыл мемлекеттің халықаралық белді ұйымдардың бірі - ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін, оған қол жеткізген Елбасының сындарлы саясатын ардагерлер қауымы қолдайтынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар