Елбасының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі өтуде

«Алдымен өзіңізге Үкіметтің кеңейтілген мәжілісіне қатысып отырғаныңыз үшін алғыс айтуға және жұмысымызды бастауға рұқсат етіңіз. Биылғы жыл басы еліміз үшін елеулі оқиғаларға толы болды: БҰҰ Қаупісіздік Кеңесіне мүше болуымыз, саяси реформа, халыққа Жолдауыңыз, қатысушы елдер бойынша рекордтық көрсеткішке жеткен Алматы Универсиадасы. Осының барлығы елдің қоғамдық-саяси өміріне тың серпін әкелетін тарихи мәні зор оқиғалар. Сіздің осы аптада халыққа арнаған Жолдауыңыз жаһандық бәсекеге қабілетті мемлекет құру үшін өз даму жолын айқындаған елімізді үшінші жаңғыртуға бастайтын стратегиялық маңызды құжат», - деді мәжілісте бірінші болып сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.
Оның айтуынша, Үкімет Жолдауда айтылған барлық тапсырмаларды іске асыру бойынша тиісті жұмыстарды бастады. Арнайы Үкімет отырысы өткізіліп, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру үшін нақты іс жоспары айқындалды. Сондай-ақ Жолдаудағы әрбір тапсырмаға нақты жауап беретін лауазымды тұлғалар бекітілді.
«Үкімет саяси реформаны Сіздің тапсырмаңызға сәйкес іске асыруды бастады. Осыған орай мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттікті бөлу бойынша тиісті заң жобасы дайындалып жатыр. Сонымен қатар ЭКСПО-2017 көрмесіне де әзірлік жұмыстары аяқталуға жақын. Халыққа жасаған үндеулеріңізде берілген тапсырмаларыңызды бұлжытпай орындау жұмысымыздың ең басты міндеті. Үкімет Сіздің сеніміңізді жоғары бағалайды және Сіздің алдыңыздағы үлкен жауапкершілікті барынша сезінеміз», - деді Премьер-Министр.