«Елбасының жаһандық бастамасы қолдау табатынына сенiм мол» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 3 қазан, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Мәжіліс депутаты, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Мейрамбек Пішембаев баспасөз мәслихатын өткізді. Онда Астанада екі күн бойы өткен машина жасаушылар форумының қорытындылары туралы айтты. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы «Машина жасау саласына жаңа бағдарлама қажет» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның жазуынша, баспасөз мәслихатында саладағы білікті кадрлардың жетіспеушілігі де ең өзекті мәселенің бірі екені айтылды. «Елімізде машина жасау саласында бiлiктi кадрлардың жетiспейтінін мойындаймыз. Сондықтан, бүгінгі күнде дуалды бiлiм беру жүйесi бойынша осы мәселенi шешудi қолға мықтап алып жатырмыз. Бұл мақсатта жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр деуге болады. Дегенмен, әлi де жеткiлiксiз деңгейде екені өкінішті. Осыған орай, елдегi бiлiм беру орындары, университеттермен, колледждермен бiрлесiп дуалды жүйе бойынша кадр дайындау мәселесiн қолға алған жөн. Себебi, қазiр мамандар жетiспеушiлiгі күн санап ұлғайып келеді. Ал бүгінде оқу орнын тәмамдап жатқан мамандардың басым бөлiгi қаржы, экономика саласының дипломдарын алып шығуда. Техникалық мамандар инженерлер, констукторлар, технологтар аз. Ал бiзге керегi осы мамандықтар. Сондықтан, мектеп оқушыларына осы мамандықтарды таңдауға кеңес беру керек. Қазiр аталған салаға мемлекеттiк грант өзге салаға қарағанда, көп бөлiніп жүр», - деді депутат.

Елбасы Н.Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде қазіргі әлемдегі орын алып отырған үрдістерді жан-жақты саралап, жаһандық проблемаларды көтергендігі еліміз үшін үлкен мақтаныш сезімін тудырғаны рас. Осыған орай, «Егемен Қазақстан» газеті Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерсұлтан Бектұрғановпен әңгімелескен. Басылым тілшісінің сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Мемлекет басшысы БҰҰ құрылымын да қайта қарап, бір мақсатқа жұмылдыру жағын көтерді. Аталған халықаралық белді Ұйымның ішінде көптеген құрылымдар бар. Дүниежүзі бойынша олардың көптеген офистері бар екенін тағы білеміз. Егер Ұйымның штаб-пәтері Азияға көшіріліп, оның құрылымдары қайта жанданатын болса, онда Жер шарындағы көптеген елдерге оның пайдасы білінер еді. Тіпті, ірі басылымдардың өзі бұл мәлімдемелерді жазғаны еліміз үшін үлкен жетістік. Оның үстіне Президент үлкен мінберді пайдаланып, баршаны 2017 жылы Қазақстанда өтетін халықаралық ЭКСПО көрмесіне қатысуға шақырды», - дейді. Сұхбат «Ұтымды ұсыныстар жаһандық проблемаларды ұтқыр шешу үдерістерімен ұштасып жатыр» деген тақырыппен берілген.

***

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының мерейтойлық сессиясында сөйлеген сөзінде жалпы әлемдік қоғамдастыққа ортақ мәселелерді көтеріп, әлем елдері бірігіп жүзеге асыруы тиісті ғаламдық ұсыныстарды ортаға салды. Елбасы ұсынған сондай ірі ұсыныстардың бірі де бірегейі БҰҰ-ның ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясын қабылдап, жаһандық антиядролық қозғалыс құру. Елбасының осынау ұсынысы туралы мемлекет және қоғам қайраткерлері де өз ойларын білдіруде. Олардың бір парасы «Айқын» газетінің сенбілік санында «Елбасының жаһандық бастамасы қолдау табатынына сенiм мол» деген ортақ тақырыппен жария етілді. Мәселен, Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев былай дейді: «Ал Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу туралы Жалпыға ортақ декларацияны қабылдап, жаһандық антиядролық қозғалыс құруды Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінберінен ұсынуын Елбасының ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп ғана қоймай, әлем тұрғындарының бейбіт өмір сүруіне жағдай жасау керектігі жөнінде бүкіл дүниежүзіне жария етілген дабыл ретінде қабылдауға болады. Ең бастысы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының биік мінберден ұсынған салиқалы да салауатты ұсыныстарын әлем елдерінің басшылары мен мүйізі қарағайдай саясаттанушы ғалымдары жоғары бағалап, өздерінің ой-пікірлерін ашық білдіруде. Демек, Қазақстан басшысының ғаламдық маңызы бар ұсыныстары таяу болашақты жүзеге асырылады деген сенімдемін».

«Салықтардың толық көлемде төленуі мен «көлеңкелі» экономиканың қысқаруы қазіргі алмағайып шақта кез келген мемлекетті үлкен күйзелістен құтқарып қалмақ. Осы себепті де Қазақстан мүлік пен капиталға рақымшылық жасауды және заңдастыруды тағы бір жылға ұзартты, сондай-ақ алда халықтың жаппай табыс декларациясын тапсыруын енгізбек», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Салықтық мәліметтер базасы құрылады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бес мемлекеттің Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Арменияның салық органдарының мәліметтер базасын біріктіруді ұсынды. Мұндай бастама кеше Астанада өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Салықтық (қаржылық) тергеу органдары басшыларының үйлестіру кеңесінің 17-отырысында көтерілді. Халықаралық басқосуды ашқан Қазақстан Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Тілеу Жанғарашев салықтан жалтарушыларға халықаралық деңгейде қатаң тоспа қоятын кезең келіп жеткенін мәлімдеді. «Кредиттік-қаржылық саладағы қылмыстармен және салық заңнамасын бұзумен күресте салық органдары бірігуінің қажеттілігі туындауда. Осыған орай Қазақстан тарапы ЕЭО мүше-мемлекеттерінің салық органдарының ақпарат алмасуы бойынша Мемлекетаралық комиссия құруды ұсынып отыр», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар
Референдум