Елбасының «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына орай Тегранда дөңгелек үстел ұйымдастырылды
![None None](/static/img/plug.webp)
Дөңгелек үстелге Иран Сыртқы істер министрлігінің, Сауда министрлігінің, Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылары, Иран СІМ жанындағы Азия мен Кавказ институты, Иран Мәжілісінің Сыртқы саясат орталығы, Иран мен Евразияны зерттеу орталығы мамандары, сондай-ақ Иранның іскер топтары өкілдері мен журналистері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қонақтар мен журналистер ҚР Президентінің республиканың алдағы он жылда дамуы бағытын белгілеген Жолдауының негізгі бағыттарымен танысты.
Елбасының мемлекет экономикасын дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу, жедел индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту есебінен экономиканының тұрақты өсуіне қол жеткізу, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін болашаққа белсенді инвестициялау орайында қазақстандық қоғамға жаңа міндеттер жүктегені баса айтылды.
Дөңгелек үстелге қатысушыларға Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының әзірленуі барысы және Елді индустрияландыру картасы таныстырылды. Осы бағдарламалар аясында инвестициялардың жалпы көлемі 6,5 триллион теңгелік 162 жоба іске асырылмақ, бұл ел ІЖӨ-нің 40%-дан астамы деген сөз.
Дөңгелек үстел барысында сарапшылар мен мамандар Қазақстан Республикасының барлық салалардағы жетістіктері мадақтауға лайық деген пікір білдіріп, Жолдауды бірегей құжат - мемлекеттің алдағы 10 жылға дамуы бағдарламасы ретінде сипаттады. Айта кетуіміз керек, ирандық сарапшылардың көзқарасы бойынша, мамандардың басым бөлігі «Қазақстан - 2030» Стратегиясының мақсаттарын іске асыру аса қиын деген ұстанымда болатын. Дегенмен қазіргі уақытта әлем Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сол кезде қойған міндеттерінің кезең-кезеңмен орындалуына, ақиқатқа айналуына куә болып отыр.