Елбасының зияткерлік мектептері үздік шәкірттер тәрбиелейтін болады - Г.Тілеуова

ОРАЛ. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орталықтан шалғайда жатқан біз сияқты шағын ауылдың ұстаздар қауымы да Елбасының биылғы Жолдауымен жете танысты.
None
None

Бізді, әсіресе, білім саласына қатысты айтылған ойлар бейжай қалдырған жоқ. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысына қарасты Қазталов ауданы Ордабай бастауыш мектебінің мұғалімі Гүлнәр Тілеуова мәлім етті.

Оның айтуынша, Елбасымыздың тапсырмасы бойынша елімізде 20 зияткерлік мектеп ашылады. Соның бірі биылғы күзде Орал қаласында бой көтеріп, өз жұмысын бастамақ. Осы мектеп, сөз жоқ, еліміздің үздік жоғары оқу орындары үшін шәкірттер дайындайды.

«Ал осы орайдағы біздің мақсатымыз - өз оқушыларымыздың арасынан зияткерлік мектепке үміткер дайындау. Егер біз білім беру ісінде осындай ірі мақсатпен жұмыс істесек, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізеріміз анық. Елімізде индустриялық-инновациялық бағдарлама жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Алдағы он жылда ел экономикасы индустрияның жаңа сатысына көтерілетін болады. Мұндай кезеңде тек мықты мамандар ғана өндірістің бел ортасында жүрмек. Экономиканың нағыз шарықтайтын кезінде үлкен сұрыптаудан өтіп, жұмысқа алынатын болашақ мамандар, ол қазір біздің алдымызда дәріс алып жатқан бүлдіршіндер. Болашақтың іргесін қалайтын сол бүлдіршіндер нағыз білікті маман болып қалыптасуына бастауыш мұғалімдерінің де қосар үлесі зор. Сондықтан біздің міндетіміз бұрынғыдан да еселене түсті. Елбасымыз 2020 жылға қарай оқытудың 12 жылдық моделіне толықтай көшетіндігімізді айтты. Білім саласындағы осындай жаңа бастамаларға ауылдағы ұстаздар қауымы да осы бастан дайындалуда. Өзіміздің білімімізді жетілдіруге де жете көңіл бөліп, осы міндеттердің бәрін абыроймен атқаруға тырысамыз», - деді Г.Тілеуова.

Соңғы жаңалықтар