Елдана Тәліпова әлем чемпионатында сербиялық боксшыны жеңді
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық боксшы Елдана Тәліпова (81 келіден жоғары) әйелдер арасындағы әлем чемпионаты жартылай финалына шықты.

Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан дүбірлі доданың ширек финалында Елдана сербиялық Сара Мильковичпен шеберлік байқасты. Нәтижесінде төрешілер оның жеңісіне қолдау білдірді.
Бүгін күндізгі сессияда Виктория Графеева өзбекстандық Ситора Турдибекованы жеңсе, Алуа Балқыбекова (50 келі) түркиялық Айсен Ташкинді сүріндірді.
Ал Жайна Шекербекова (54 келі) 1/4 финалда жарыс қожайыны Сара Сирковичке жол беріп, жарысты ерте аяқтады.
Сондай-ақ Жасмин Қизатова (66 келі) ширек финалда Ресей құрамасындағы этникалық қазақ Альбина Молдажановаға жол берді.
Енді кешкі сессияда Назым Қызайбай (48 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Аида Әбікеева (63 келі), Наталья Богданова (70 келі), Надежда Рябец (75 келі) сынға түседі.
Дүбірлі додаға 12 спортшы алып барған Қазақстан құрамасының 10 спортшысы жарыстың аталған сатысына дейін жетті.