Елде 138 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі — АӘК) 25,8 мың отбасындағы 138,1 мың адамға 2,3 млрд теңге сомасында тағайындалды, деп хабарлайды Еңбекмині баспасөз қызметі.
Биыл бұл мақсаттарға бюджеттен 62,7 млрд теңге қарастырылған. Бұрын хабарланғандай, АӘК-тің негізгі мақсаты — ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
АӘК мыналарды көздейді:
— табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
— табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. Ағымдағы жылдың 1 ақпанына АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 42,4 мың балаға 270,4 млн. теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
— жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
— Қазір қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне, сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады, — делінген хабарламада.
Осыдан бұрын Еңбек министрлігі АӘК-ті проактивті тағайындауда ЖИ-ні қолданатыны айтылды.