Елде 27,6 млн тонна мал азығы дайындалды
АСТАНА. KAZINFORM – Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, 22,3 млн тонна шөп (жоспардың 91%-ы), шамамен 1,8 млн тонна сенаж (102,5%), 1,2 млн тонна құрама жем (21%), 700 мың тонна сүрлем (34,4%), 1,6 млн тоннадан астам сабан (34,9%) дайындалды. Бұл туралы АШМ хабарлады.

2025–2026 жылдардағы қыстақ маусымына дайындық аясында ауыл шаруашылығы жануарларына арналған мал азығын дайындау жұмыстары белсенді жалғасып жатыр.
Белсенді жұмыс Солтүстік Қазақстан облысында (115,2%), сондай-ақ Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында (100%), Жетісу облысында (99,5%) байқалды.
Дайындалған мал азығының көрсетілген көлемдері жоспарлы өнім мен төл алу үшін толыққанды азықтандыруды, сондай-ақ жалпы мал басының сақталуын қамтамасыз етеді.
Жалпы республикадағы мал азығымен қамту жағдайы тұрақты.
Айта кетелік елде 6,5 млн тонна астық бастырылды.