Елде алғаш рет жүрек тамырларына биосіңірілетін каркас орнатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда алғаш рет тамырда біртіндеп сіңірілетін жаңа буын каркастары қолданылды, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында жаңа буынның биорезорбцияланатын магний скаффолдтарын қолдана отырып, жоғары технологиялық коронарлық операциялар жүргізілді. Бұл технология интервенциялық кардиология бойынша халықаралық мастер-класс шеңберінде төрт пациентке қолданылды.
Магний скаффолды — тарылған коронарлық артерияға орнатылатын және қан ағымын қалпына келтіруге көмектесетін уақытша тамырлық каркас. Оның дәстүрлі металл стенттен негізгі айырмашылығы — өз функциясын орындағаннан кейін каркас организмге біртіндеп сіңіп кетеді.
— Мұндай технология тамырдың каркастың қолдауымен қалпына келу кезеңінен өтуіне мүмкіндік береді, содан кейін ол біртіндеп резорбцияланады. Бұл тамыр қабырғасының табиғи қалпына келуіне қосымша мүмкіндіктер ашады, — деп атап өтті КІА ҒЗИ рентгенэндоваскулярлық операциялық блогының меңгерушісі Алексей Колесников.
Жаңа технологияны тәжірибеде қолдану интервенциялық кардиология саласындағы жетекші мамандардың қатысуымен өткен мастер-класс шеңберінде жүзеге асырылды. Шақырылған сарапшы — Klinikum Fürth (Германия) клиникасының интервенциялық кардиология маманы, күрделі коронарлық араласулар жүргізу бойынша сарапшы доктор Стильянос Пиксарас (Stylianos Pyxaras).
Мастер-класс барысында қазақстандық мамандар биорезорбцияланатын скаффолдтарды қолданудың заманауи тәсілдерімен, пациенттерді іріктеу өлшемшарттарымен және коронарлық артериялардың күрделі зақымдануы кезінде араласу жүргізудің ерекшеліктерімен танысты.
Айта кетейік, төрт операцияның барлығы да сәтті өтті. Пациенттерге жоғары технологиялық медициналық көмек МӘМС шеңберінде тегін көрсетілді.
Бұдан бұрын Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында екі отбасы үшін ерекше күн болғанын жазғанбыз. Бір күнде бауыр және бүйрек трансплантациясы жасалған екі науқас емін сәтті аяқтап, үйлеріне шығарылды.