Желтоқсан айында сәбіз, қант және жұмыртқа бағасы төмендеді

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың желтоқсандағы айлық инфляция деңгейі 0,9% болды. Азық-түлік тауарларының бағасы — 1,2%, азық-түлікке жатпайтын тауарлардікі — 0,7%, ақылы қызметтер 0,6% өсті. 

азық-түлік, гипермаркет, дүкен
Фото: Қазақмыс

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше өткен айда апельсин бағасы 2,6%, сәбіз — 2%, қант — 1,3%, жұмыртқа 0,1% төмендеді. Ал концентратталған сүт — 2,1%, қатты ірімшік — 1,8%, көкөніс шырындары 1,6% қымбаттады.

— Жекелеген дәрі-дәрмектердің бағасы төмендеді: супрастин — 18,5%, энап — 5,2%, канефрон — 1,4%, йодомарин мен азитромицин — әрқайсысы 0,9%-дан. Автомобильдер — 0,4%, электр құралдары 0,9% арзандады. Смартфондар — 0,9%, жеке гигиена тауарлары 1,1% қымбаттады.

Коммуналдық қызметтер арасында су бұру тарифтері 2,4%, суық су — 0,9% төмендеді. Бір ай ішінде такси қызметтері 1,8%, моншаға бару — 2,1%, кинотеатр қызметтері — 2,9% қымбаттады, — делінген хабарламада.

2025 жылғы жылдық инфляция 12,3% болады. Желтоқсанда азық-түлік тауарларының жылдық деңгейі — 13,5%, азық-түлікке жатпайтын тауарлардікі — 11,1%, ақылы қызметтердікі 12% өсті.

Азық-түлік тауарлары арасында жылдық мәнде баға қызанақ — 7,9%, күріш — 4,8%, қияр — 4,7%, тәтті бұрыш — 2,7%, кептірілген өрік 2% төмендеді. Керісінше жүзім — 7,7%, көк шай бағасы 7,9% өсті.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында аяқ киімге жағатын крем бағасы 10,8%, сантехникалық қоспалауыш — 8,5%, электр бұрғысы 6,6% қымбаттаған.

2025 жыл ішінде тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында суық су тарифтері 13,1% төмендеді. Аяқ киім жөндеу бағасы — 10,1%, пошта қызметтері — 8,9%, автосақтандыру 6,5% өсті.

Өңірлер арасында жылдық инфляцияның төмен деңгейі Алматы қаласы мен Қостанай облысында — 11,7%, сондай-ақ Абай, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды — 11,8% деңгейінде. 

2025 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі — 40%, азық-түлік емес тауарлар — 30,3%, ақылы қызметтер 29,7%.

Айта кетелік Президент инфляция деңгейінің жоғары болуынан азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбектің бәрі текке кетіп жатқанын айтқан еді

 

Соңғы жаңалықтар