Елде балаларға арналған ойын автоматтары бақылауға алынады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда балаларға арналған ойын автоматтарының жұмысын реттейтін заңнамалық нормалар әзірленіп жатыр. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлім етті.

Елде балаларға арналған ойын автоматтары бақылауға алынады
Фото: Pexels

— Қолданыстағы заңнама мұндай автоматтардың жұмысы нақты реттемеген. Жақын арада жаңа заңнамалық түзетулерді таныстыру жоспарланып отыр», — деді Е. Мырзабосынов Үкімет отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып. 

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта «кран» түріндегі ойын автоматтары ешбір мемлекеттік органның жауапкершілігіне жатпайды.

— Сондықтан осы автоматтарды қадағалайтын өкілетті орган айқындалады, — деді ведомство басшысы.

Еске салсақ, былтыр сенатор Ғалиасқар Сарыбаев соңғы уақытта «кран» түріндегі ойын автоматтары күрт көбейіп жатқанын, бұл жабдықтар мектептердің, үйірмелердің, спорт секцияларының маңында және балалар өздері кіретін дүкендердің ішінде жаппай орнатыла бастағанын айтқан еді.