Елде бас дәрігерлер мен олардың орынбасарлары аттестациядан өте алмай жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Тестілеуге қатысушылардың 20%-ы өту балын жинай алмаған.
Қазақстанда перзентханалар, балалар стационарлары мен жедел медициналық жәрдем станцияларының басшылары және олардың орынбасарларын аттестаттау жалғасып жатыр. 2026 жылғы 2 қарашадағы жағдай бойынша тестілеуге қатысушылардың 20%-ы өту балын жинай алмаған.
Аттестаттаудың бірінші кезеңі (тестілеу) 14 қазаннан бастап өткізіліп келеді. Көрсетілген күнге дейін оған 15 өңірден 235 адам қатысқан. Бұл аттестаттаудан өтуге тиіс қатысушылардың жалпы санының 72,1%-ын құрайды.
— Алдын ала нәтижелер бойынша 188 қатысушы немесе 80%-ы тестілеуден сәтті өткен. Тағы 47 адам (20%) қажетті балл жинай алмаған. Олардың қатарында 25 басшы және 22 басшының орынбасары бар. Сонымен қатар 27 адам тестілеуге келмеген.
Теріс нәтиже көрсеткендердің ең көп саны Ақмола, Маңғыстау және Қостанай облыстарында тіркелді. Бұл үш өңірге өту балын жинай алмаған қатысушылардың жалпы санының 55,3%-ы тиесілі.
Астана қаласы мен Павлодар облысында барлық қатысушылар тестілеуден сәтті өтті, — делінген ДСМ хабарламасында.
Медициналық ұйымдар басшыларының кәсіби құзыреттілігін бағалау медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тікелей маңызға ие. Өйткені ұйымдардың жұмысын ұйымдастыру, ішкі үдерістердің тиімділігі және медициналық қызметтердің уақтылы көрсетілуі басқарушылық шешімдерге байланысты.
Аттестаттау тек аталған медициналық ұйымдардың басшылары мен олардың орынбасарларына қатысты жүргізілетінін айта кеткен жөн.
Кәсіби құзыреттілікке аттестаттау қағидаларына сәйкес тестілеуден теріс нәтиже алған қатысушылар сұхбаттасу кезеңіне жіберілмейді және алты айдан кейін қайта аттестаттаудан өтуге тиіс.
Ұсынылған деректер аттестаттаудың түпкілікті қорытындысы емес, бірінші кезеңнің аралық нәтижелері екенін атап өтеміз. Тестілеу 2026 жылғы желтоқсан айының соңына дейін жалғасады.
Айта кетелік Қазақстанда дәрігер тапшылығы 20,4%-ға азайғаны туралы жазған едік.